Атырауда аптап ыстықтан жарықтың сөнуі жиілеген

Атырауда күн шыжып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы күндері сынап бағанасы күндіз 43 градустан түспейді. Тұрғындар жаппай салқындатқыш пайдаланғандықтан, электр желісіне салмақ түскен. Салдарынан кернеудің қуаты төмендеп, жарықтың сөнуі жиілеген. Онымен қоймай, тұрмыстық техника істен шығып жатыр.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Бұл – қала ортасындағы Ғарифолла Құрманғалиев көшесіндегі ахуал. Электр қуатынның төмендігінен тұрғындар тоқты жинап, 220 вольтке толтырып тарататын осындай құрылғыларды жаппай сатып алыпты. Алайда, оның да пайдасы шамалы. Әсіресе, тал түсте тоқ кернеулілігі 150 вольттің шамасын зорға көрсетіп тұр. Ал кешкі уақытта тіпті 30-40 вольтке төмендеп, электр көзіне қосулы техникалар дыбысының өзі өзгеріп кететін көрінеді.

Қармыз Үрбисенов, қала тұрғыны:

- Трансформатор мына жерде бұрын болды. Ол жердегісі қайта-қайта жанып кете берді. Ай сайын бірдеңелерін келіп ауыстырып кетеді. Онда да тоқ берген жоқ дұрыс. Содан пайдаға аспаған шығар. Оны алыпты да мына Құспан Молла мешіті көшесіндегі үлкен трансформатор бар екен соған қосыпты. Ол деген мына мың үйді қамтуға жетпейді.

«Бұл тек жазғы маусымда ғана емес, жыл бойы жалғасып келе жатқан әбігер», - дейді тұрғындар. «Тоқтың әлсіздігінен талай тұрмыстық техникадан айырылдық. Аптап ыстықта жансақтау мүмкін болмай барады, салқындатқышты қоспақ түгілі тоңазытқыштағы тамақтарды да сақтау мүмкін емес», - дейді олар.

Әсемгүл Жұмабаева, қала тұрғыны:

- Жып-жылы су ішіп отырмыз. Тамақтарымыз былжырап шіріп жатыр. Қарауға болады, ағып жатыр май деген. Мүлдем салқындата алмаймыз. Түнімен бықсып жатамыз. Маса бар. Оның үстіне мына тоқ жоқ, әлсіз. Мына жерде өмір сүру қаланың ортасы деп кім айтады.

Бұл жағдайдан жергілікті билік те, электр желісіне жауаптылар да жақсы хабардар. Алайда қазіргі тірлік бір-біріне сілтеуден аспай тұр. Ал аптаптың азабын қарапайым халық тартуда. Тұрғындар шағымы көпшілікке тарай бастағанын байқаған олар бүгін ғана төбе көрсетіпті.

Нұрбек Монтаев, қалалық ТҮКШ транспорт және энергетика секторының меңгерушісі:

- Бұл желісі тоқ желісі «Атырау-Жарық» мекемесінің теңгерімінде болғандықтан бұлар жоспарға қойған күрделі жөндеуге. Линиясын ауыстыруға. Келесі апта жұмысын бастайын деп жатыр.

Әлімжан Рысбаев, «Атырау-Жарық» қалалық электр жүйелері бас инженерның орынбасары:

- Біздің өзіміздің график бар ғой, графикта күрелі жөндеу жұмыстары бар. Сол график бойынша келесі ай бойынша бастайын деп жатырмыз.

Өкінішітсі сол, мұндай жағдай тек Құрманғалиев көшесінде ғана емес. Ақжар, Ақсай, Өркен, Еркінқала елді мекендеріне де тән болып отыр. Былтыр әкімдік 50 трансформатор сатып алған, тағы соншасы алынуы тиіс екен. «Бірақ оның құжаттары рәсімделіп, қашан іске асқанша аптаптың да беті қайтар», - деп үміттенеді атыраулықтар.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин