Алматыда Kazakhstan Fashion Week сән апталығы өтіп жатыр

«Пандемия маусым сайын құбылатын сән индустриясына да әсерін тигізді. Осыған байланысты дизайнерлердің көзқарасы, жұмыс істеу әдісі карантин шараларына бейімделе бастады», - Алматыда Kazakhstan Fashion Week апталығына қатысып жатқан сәнгерлер осылай дейді.

Оған отандық дизайнерлермен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты елдерден де меймандар қатысуда. Шара үш күнге жалғасады. Алғашқы күні жұртшылық назарына қазақстандық дизайнерлердің топтамасы ұсынылды.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Қазақстан сән апталығының айтулы шараға айналғанына біраз болды. Fashion Week былтырдан бері пандемияға байланысты өтпей қалды. Дегенмен, дизайнерлер бұл уақытты жаңа бастамалар мен жаңа киім үлгілерінің топтамасын жасауға арнады. Әрине, карантин талаптары сән әлеміне өзгеріс әкелді. Мәселен осы апталыққа қатысушылардың көпшілігі күнделікті киюге арналған қарапайым, ыңғайлы киім үлгілерін ұсынып отыр.

Көпке танымал дизайнерлердің бірі – Динара Сәтжан. Оның тігін цехында 20-дан астам адам жұмыс істейді. «Карантин кезінде ешкімді жұмыссыз қалдырмадым», - дейді ол. Нәтижесінде үйде отырып-ақ жаңа топтама әзірлепті.

Динара Сәтжан, дизайнер:

- Менің брендім спорт коллекциясын ұсынады. Неге спорт, өйткені карантинде мысалы біз спорт коллекциясын тіктік. Үйде киетін киімді тіктік. Менің ойымша, спорт киімі бүгінгі уақытта маңызды деп ойлаймын. Осыдан 3-4 жыл бұрын кешкі көйлектерге фокус жасайтынбыз. Қазір ешқандай кешкі көйлектерді тікпейміз. Өйткені той жоқ. Карантин расымен бәрін өзгертті. Көзқарасымызды өзгертті.

Сәнгерлердің барлығы таза табиғи өнімдерге басымдық берген. Осылай қоршаған ортаны қорғауға шақырады. Сән апталығының бас продюсері Саят Досыбаевтың айтуынша, биылғы топталарда табиғатпен үндестік айқын сезіледі. Себебі, барлығы табиғи. Яғни киімдер таза жүн мен мақта талшықтарынан жасалған маталардан тігілген.

Саят Досыбаев, Kazakhstan Fashion Week сән апталығының бас продюсері:

- Мата түстері де табиғаттағы ашық түстерден алынған. Талғаммен таңдалған киім адамның сымбатын арттырары хақ. Көріп тұрғандарыңыздай, халық сән апталығын сағынып қалған. Сәнді киінуге жанықұмар жандардың бәрі осында. Біз де шығармашыл адамдармыз ғой. Осындай халықтың қошеметі дизайнерлерге шабыт береді. Қиын кездерге қарамастан, олар аса сәнді, сапалы киім үлгілерін әкеліпті. Жұртшылықтың көңілінен шығады деп ойлаймын.

Отандық брендті қолдайтындардың қатарында Гүлшат Мұсақызы да бар. Өзі сән әлеміндегі жаңалықтарды да қалт жібермейді. Ол басқаны емес, өз еліміздің сәнгерлерін қолдауымыз керек деп есептейді.

Гүлшат Мұсақызы, қала тұрғыны:

- Менің принципім соңғы 5 жыл тек отандық дизайнерлердің киімін киемін. Неге десеңіз, бірінші қолдау үшін. Екіншіден, отандық дизайнерлерден кем жері жоқ. Матасы да керемет. Мысалы үстімдегі. Дизайнердің атын атпай-ақ қояйын. Қазіргі дизайнерлер экология жағына көп көңіл бөліп жатыр.

Fashion Week 4 шілдеге дейін жалғасады. Апталық аясында көрсетілімнен бөлек шеберлік сабақтары да өтеді. Алдағы екі күнде отандық сәнгерлермен қатар шетелдік дизайнарлар өз топтамаларын жұртшылық назарына ұсынады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл шара сән индустриясымен қатар жеңіл өнеркәсіптің дамуына да үлес қоспақ.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон