Қостанай облысында мал азығы тапшы

Малдың арқасында күнелтіп отырған қостанайлықтар биыл жем-шөптен тарлық көретін түрі бар.

Қазір шабындық жерлердегі бір гектар шөп 4 центнерге де жетпейді. Биылғы мал азығын дайындау мақсатында орман, су қоймалары мен жайылымдық жерлерге техника жіберуге тура келді. Қазір қажетті көлемнің бар болғаны қырық проценті орылды. Бұған қоса тығырықтан шығудың бір амалы ретінде шаруаларға субсидия бөлу қарастырылған.

Бұл шаруашылықта 1500 гектардай шабындық және жайылымдық жер бар. Шөп ору науқаны соның үштен бір бөлігінде жүзеге асып жатыр. Ал жайылымдық жердің түрі мынау. Былтыр жауын-шашын болғанда қырма шөптің биіктігі адам тізесіне дейін болатын.

Бұл мәселе Жасұлан Қоңыршинның қожалығына да айтарлықтай залал келтірді. Дала өртеніп, шөп біткен жанып кетті. Былтыр қарамағындағы шабындық жерден 400 тонна бидайық шөбін жинаған шаруа, орақ аяқталғанша осы көлемнің жартысын буып қойсам да тәуба дейді.

Жасұлан Қоңыршин, шаруа қожалығының басшысы:

– Мамыр кезінде жаңбыр жауғанда кішкене жақсы болатын еді. Шөп шығатын еді. Енді қазір жауған жаңбырдың шөпке пайдасы жоқ. Биіктігі 60-70 см-ге дейін болады ғой су тасып, жаңбыр болған жылдары. Биыл найзағай түсіп, өртеніп кеткен жерлер болды. Әлі де көп жерлерге түсіп жатыр. Соны өзіміз автовозбен күнде шығып күзетіп сөндіріп отырамыз.

Құмкешу ауылдық округінде алты қожалық жасыл орақ жұмыстарына кірісті. Елді мекен әуелі өздеріне қажетті 10 мың тонна мал азығын жинап алмақ. Ал артылғанын жылдағы дәстүрмен ауданға тапсырады.

Асылан Исмайылов, Құмкешу ауылдық округінің әкімі:

– Амангелді орталығының жартысын қамтимыз. Жылда 600-700 тіркемеге дейін шөп шығарып жүрміз. Биыл шаруа қожалықтарымен меморандум жасап отырмыз. Бір тіркемесі 2,5 тоннасы 25 мыңнан сату бағасы. Солай бәрі шаруашылықтар келісті. Ертең солай сатамыз деп отырмыз.

Жақын арада мал азығының құны 40 процентке шарықтайды. Ең қымбат шөп 35 мың теңгеге түседі. Баға одан әрі көтерілмес үшін субсидия тағайындалады. Оған тек ірі шаруа қожалықтары ғана қол жеткізе алады.

Нұрсұлтан Қабделов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Шілде айында ауыл шаруашылығы жануарлары азығының құнын арзандатуға жергілікті бюджеттен 1,9 млрд теңге субсидия бөлу жоспарланған. Аудандық әкімдіктерге келесі ұсныстар берілген. Жауын-шашын мөлшерін ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге пар алқаптарын бір жылдық шөптермен, көпжылдық шөптермен немесе жем-шөп дақыларымен егу егу ұсынылған. Сонымен қатар орман қоры және де лимандар, су қоймаларының бойында басқа да жарамды жайылымдық алқаптарға шөп шабылады.

Аймақ бойынша орақ науқаны бір аптадан кейін аяқталмақ. Қазір қажетті шөп қорының жартысы дайындалды. Биылғы құрғақшылыққа орай бидай алқаптарындағы сабан да малға жем болады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров