Қостанай облысы: отыз төрт жолдың сапасы талапқа сай емес

Қостанай облысындағы автожолдарда асфальт төсеу технологиясы бұзылған.

Отыз төрт жолда олқылық анықталған. Дегенмен тізім әлі де ұзаруы мүмкін. Биыл аймақта 227  шақырым жол қалпына келтірілуі тиіс. Соның бірі Амангелді ауданын қамтиды.

Соңғы кезде Әулиекөл-Жалдама бағытындағы жол жүргізушілерді әбден әбігерге салғаны жасырын емес. Шұрық-тесік шұңқырлар жүріс бермей, көліктің аман қалуы екіталай еді. Әйтеуір әупірімдеп жүріп былтыр осы жерде орташа жөндеу жұмыстары қолға алынды.

Руслан Қайырбеков, Амангелді ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Биыл 112 шақырым жасалу керек еді. 100 шақырымдай қалды. Әлі істеп жатыр. Жалпы жұмыс барысы жаман емес.

Екінші кезеңді қамтитын жөндеуге 4 млрд теңге бөлінді. Асфальт төсеумен жергілікті мердігер айналысады. Сапаға да солар жауап береді. Бірақ  жол төсеген компанияның жұмысы көңіл көншітпей отыр. Былтыр жөнделген учаскелерде асфальт ойылып, бір жақ бетіне шығып кеткен.

Мылтықбай Ерназаров, жол учаскесінің бастығы:

Жарылып кеткен жерлер болды. Оны қазір асфальтпен қайта жауып жатырмыз. Осы жолдар 3 жылға дейін кепілдікте болады. Өз қаражатымызбен бәрін қалпына келтіреміз.

Жалпы облыс көлемінде 34 жөнделген жер телімі бойынша ескертпелер бар. Оның тоғызында олқылықтар ретке келтірілген. Ал қалғандарының ісі сотқа жолданбақ.

Болат Сейдахметов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

Қазір жиырма бес жер теліміне қатысты айтылған ескертпелер бойынша жөнге келтіріліп жатыр. Егер тез арада шешімін таппаса, оларды да сотқа беруге құқымыз бар. Яғни біздің тізімде олар жауапсыз мердігерлер деп табылады.

Облыс бойынша 75 процент жолдың жағдайы қанағаттанарлық күйде. Қалғаны жөндеуді қажет етеді. Биыл бар болғаны екі проценті ғана жаңа кейіпке енеді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров