Жаңа «Союз-5» зымыраны Байқоңырдан ұшатын болады — Роскосмос

Жаңа «Союз-5» зымыраны Байқоңырдан ұшатын болады — Роскосмос

Ресей авиақұрылыс саласында Қазақстан және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше өзге елдермен өзара әрекет ауқымын кеңейтуге ниетті.

Бұл туралы МАКС-2021 Халықаралық авиағарыш салоны ашылуында Ресей президенті Владимир Путин мәлімдеді. Бұл көрме екі жылда бір рет Мәскеу қаласының маңындағы Жуковский аэродромында өтеді. Биыл Қазақстан серіктес ел ретінде халықаралық авиакөрмені ұйымдастыруға атсалысты. Осы шара аясында еліміздің индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының басшысы Дмитрий Рогозинмен ғарыш саласында екіжақты ынтымақтастықтың болашағын талқылады. «Роскосмос» пен «Қазақстан ҒарышСапары» ұлттық компаниясы серіктестік жөнінде меморандумға қол қойды.

Дмитрий Рогозин, «Роскосмос» МК бас директоры:

- Байқоңыр бұған дейін «Союз-2», «Протон» секілді Кеңес Одағынан қалған зымырандарды ұшыратын алаң болса, енді Ресей мен Қазақстан өте маңызды келісімге қол қоюға жақын тұр. «Зенит» ұшыру кешені «Байтерек» жобасына сәйкес жаңғыртылады. Яғни ең жаңа «Союз-5» зымыраны Байқоңырдан ұшатын болады.