Жамбыл облысында имамдар мен мешіт қызметкерлері вакцина салғызды

Жамбыл облысында имамдар мен мешіт қызметкерлері жаппай вакцина салғызып жатыр.

Бүгін де аймақтың бас имамы бастаған бір топ дін өкілдері қалалық 5-поликлинкада екпе алды. Жалпы өңір бойынша 319 мешіт болса, онда 450 адам жұмыс істейді. Қазір олардың 80 проценті вакцина алған. Дені «КазВак» екпесін салдыруға ниетті.

«Бұл отандық өнімге көрсеткен қолдауымыз әрі сенім артуымыз», - дейді олар.

Облыста қауіпсіздік мақсатында бас санитарлық дәрігердің қаулысымен жұма намазы оқылмайтын болып шешілді. Жалпы өңір бойынша 18 жастан жоғары 582 мың адамды коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау жоспарланған. Қазіргі таңда ол 50 процентке орындалып отыр.

Бейбіт Мырзагелдиев, Жамбыл облысының бас имамы:

- Халықпен көбірек имамдар жұмыс істейді. Сондықтан имамдар қауымына да көбірек насихат жүргізіп жатырмыз. Себебі әртүрлі жағдай болады. Былтырғы жылы имамдардың арасында біраз дін қызметкерлері дүниеден озды. Сондықтан да біз ғылымның жеткен жетістігіне амал етейік деп екпе салдырып отырмыз. Шариғатта да бұл екпе салдыруды құптайды.