Алматы облысындағы мектептердің 95% жаңа оқу жылына дайын

Ескелді ауданында Темірғали Рүстембеков атындағы білім ордасы да балаларды қабылдауға әзір тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күрделі жөндеуден өткен мектепте оқушыларға оқулықтар таратылып жатыр.

Нұрдәулет Мақажан жаңарған мектепке бүгін бірінші рет келді. Бір жыл бойы онлайн форматында оқыған ол сыныптастарымен бірге шақыртылған. Оларға тоғызыншы сыныптың оқулықтары үлестірілді.

Нұрдәулет Мақажан, Т.Рүстембеков атындағы орта мектептің оқушысы:

- Мектепті сағындық. Жасалғалы бері күтіп жүрдік. Онлайн мектепте оқығанға жетпейді. Ешқашан. Сондықтан осы 17 кітапты алып, дайындалып жүрмін.

Ұлтуған Рысмендиева, Т.Рүстембеков атындағы орта мектептің кітапханашысы:

- Оқулықтарды 28 шілдеден беруді бастадық. 5 күнге создық. Осы күнге дейін 90 пайызын бердік. Енді бірінші күні бітіреміз.

Жаңа оқу жылында Темірғали Рүстембеков атындағы орта мектепке 264 бала барады. Биылдан бастап олар күрделі жөндеуден өтіп, материалдық техникалық базасы жаңартылған білім ордасында оқиды.

Нұрсұлтан Мұхасанов, Т.Рүстембеков атындағы орта мектеп директоры:

- Интернет жүйесі бұрын бізде бір ғана жерде болған. Биылғы оқу жылында интернетіміз жоғары жылдамдыққа қосылды. Ұстаздардың әр кабинетінде интернет желісі қосылып отыр.

Ауылдық мектепте ұстаздық ететін 42 мұғалімнің отызы екпе салдырған. Ал аудандағы білім саласында 2 мыңға жуық адам еңбек етеді. Олардың 91 проценті вакцина алған.

Ботагөз Әлімғазина, Ескелді аудандық білім бөлімінің әдіскері:

- Вакцина алмаған мұғалімдер онлайн оқытатын болады. Немесе вакцина алғаннан кейін жұмысына кірісетін болады. Егер үйлерінде ауырған адам болса, өздері вакцина алмайтын болса біз басқа адамды аламыз. Олар жұмыс орнын сақтап қалады.

Сала жауаптылары білім ордалары оқу маусымына 95 процентке дайын деп отыр. Жалпы, Ескелді ауданында 30 мектеп бар. Жаңа оқу жылына дейін олардың барлығын «Ашық» жүйесіне қосу жоспарланған.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев