Батыс Қазақстанда эпидахуал нашарлады

Батыс Қазақстанда тамыз айы басталған 9 күн ішінде Батыс Қазақстан облысында 1200-ге жуық адам коронавирус жұқтырған. Тәулігіне орташа есеппен жүз шақты тұрғын дертке шалдығады.

Қаламен қатар, ауылдық жерлерде де эпидахуал мәз емес. Алайда думанды кештер өткізу деректері тыйылмай тұр. Жиын-тойлардың көбісі қазір күндіз ұйымдастырылатын болған.

Абат Демеуов былтыр ауылда коронавирус инфекциясын жұқтырып алып, біраз уақыт үйде емделді. Ал зайыбының жағдайы ауырлап, стационарға жеткізілген. Әйтеуір екеуінің де денсаулығы қалпына келді. Жұқпалы дерт жанына батқан жаңақалалықтар вакцина салдыруды ұйғарған. «Екпе алу арқылы індет қаупін сейілтуге болатынына сенемін» дейді кейіпкеріміз.

Абат Демеуов, Жаңақала ауданының тұрғыны:

– Алдағы уақытта отбасымыз аман болсын, халық аман болсын деп енді, екпе алайық деп келіп жатқан жайымыз бар. Көзіміз қарақты, бәрін ойлап, оқып жатырмыз. Теледидардан да, бәрінен де қарап жатырмыз ғой енді. Екпе алу өте дұрыс шешім екен.

Жаңақала ауданында эпидахуал тұрақсыз. Жыл басталғалы бері 300-ден астам адам дерт жұқтырған. Қазір инфекциялық стационарда 17 науқас жатыр. 64 тұрғын амбулаториялық бақылауға алынды. Сырқат жандар арасында бір жүкті әйел мен 2 бала бар. Мамандар аудандағы медициналық ұйымдарда вакциналар жеткілікті екенін айтады. Екпе салдыру мүмкіндігі бар 12 мыңдай адамның әзірге 33%-і ғана белсенділік танытқан.

Сержан Есенгубеков, Жаңақала аудандық ауруханасының директоры:

– Қазір қорымызда вакцинациядан «Спутник V» 1250 бар және «QazVak» 30 дозасы бар. Вакцинация уақытында жүріп жатыр. Аудан бойынша орталық емханамызда және амбулаториялар, МП, фельдшерлік-акушерлік пункттер бар, барлық жерлерде салынады. Былтыр осы айларда деген күрт нашарлау болды ғой. Сол қайталанып жатыр. Қазір адамдармен жұмыс жүргізіп жатырмыз, сөйлесіп халықпен. Арамызда күшейіп жатқанын түсіндіріп жатырмыз.

Облыс орталығынан ең шалғайда жатқан Бөкей Ордасы ауданында да жағдай күрделі. Былтыр індеттен 7 адам көз жұмса, биылдың өзінде тағы 4 адам жан тапсырды. Аудандық ауруханың инфекциялық бөлімінде 7 науқас ем алуда. Екеуінің жағдайы нашарлап кеткен. Дәрігерлердің айтуынша, сырқат адамдар бұрын вакцина алмаған көрінеді. Қазір екпе науқанына тұрғындар тарапынан оң көзқарас пайда болды.

Ағайша Қайырова, Бөкей ордасы аудандық ауруханасының бөлім меңгерушісі:

Бізде 8 300 адам жоспарланса, күні бүгін соның тек қана 40 пайызы екпе алып отыр. Яғни, 3301 адам, кеше кеште алған мәліметіміз бойынша. Әр ауыл өздері салып отыр вакцинаны. Осы бүгін түске шейін 20 кісі егілді «Спутник V» вакцинасымен. Енді ауылдардан тоже келіп жатыр информациялар. Бір жерде 10 кісі егілген, бір жерде 15 кісі егілген.

Облыс коронавирустың таралу қаупі жағынан «қызыл аймақтар» қатарында. Жаңақала және Бөкей Ордасымен қоса, Бәйтерек, Бөрлі аудандарында да ауру өршіп тұр. Науқастардың көпшілігі 40 жастан асқан егде адамдар.

Эпидахуалдың нашарлығына қарамастан жасырын ұйымдастырылатын көпшілік шаралар тыйылатын емес. Өткен демалыс күндері Оралда мониторингтік топ 4 думанды кештің үстінен түсті. Соның ішінде бір мейрамхана кешеніне 300-ге жуық адам жиналғаны анықталды.

Ерлан Ғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

– Сол жерде түсінік жұмыстары жүргізілді. Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері шақыртылды. Сонымен қатар сол ресторанның қожайынымен түсінік жұмыстарынан кейін ол жердегі адамдардың бәрі таратылды. Өткен аптаның ішінде көпшілік шаралар, тойлар, сонымен қатар бір шілдехана болды арасында. Олардың барлығы бірдей күндізгі уақыттарда өткізіліп жатыр.

Жиын-тойларға қатысты материалдар санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды. Кәсіпкерлер мен той иелеріне әкімшілік шара көріледі.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов