Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендей бастаған

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендей бастаған

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов қаңтар-шілдедегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баяндамасын ішкі сауда саласын дамыту туралы ақпараттан бастады.

Барлық көрсеткіштер оң динамиканы дәлелдеп отыр. Мәселен, сауданың нақты көлем индексінің көрсеткіші 109,1% құрады.

«Осы үрдістерді растайтын электрондық коммерциядағы жағдайды айтуға болады. Жыл қорытындысы бойынша электрондық сауданы 10% дейін жеткізу жоспарланғанымен, бүгінгі күні осы көрсеткіш 12,2% құрады», ­– деді Б.Сұлтанов.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына келсек, олар жыл басынан бері 10,3% өсті. Маусымаралық кезеңде бағаның өсуі байқалатын көкөністер, импортқа тәуелді өнімдер, сондай-ақ жоғары экспорттық сұранысы бар тауарлар ең жоғары өсім көрсетті. Өңірлердегі қалыптасқан жағдай бойынша, ең жоғарғы өсім 12,0% – Түркістан облысында, 11,6% – Нұр-Сұлтан қаласында және 11,4% – Қарағанды облысында тіркелді.

Дегенмен, сәуір айынан байқалған бағалардың өсімі тұрақтанып, ал тренді төмендеуге бұрылғанын көріп отырмыз. Мәселен, картоп бағасының маусымдық өсуі сәуір-маусым аралығында белгіленді. Бұдан әрі, оңтүстік аймақтардағы ерте пісетін картоптың түсімі ұлғайған сайын, өнімнің бағасы төмендеді. Ең жоғары өсу сәтінен бастап, бағалар 26%-ға немесе 54 теңгеге түсті. Тамыз және қыркүйек айларында солтүстік аймақтарда өнімнің жаппай жиналуы күтілуде, бұл ішкі нарықты картоппен қанықтырады және бағаның одан әрі төмендеуін ынталандырады.

Сәбіз үшін бағаның маусымдық өсуі бір айға кешірек созылады. Нарықты жаңа дақылмен қанықтыру орта есеппен шілде айының соңынан басталып, қыркүйекке дейін жалғасады. Егін жинау кезеңінде 577 мың тонна сәбіз түсімі күтілуде. Бұл сәбіздің бағасын едәуір түсіруге ықпалын тигізеді.

Пияз бен қырыққабат бағасының өсуі әлі де байқалады. Жыл басынан бері бір келі пияздың бағасы 29% немесе 23 теңгеге қымбаттады. Ал қырыққабаттың бағасы 22% немесе 20 теңгеге қымбаттады. Әдеттегі мәліметтерге сәйкес, пияз бен қырыққабат бойынша жаппай егін жинау тамыз айының соңы мен қыркүйектің басынан басталады.

«Тиісінше, бағаның төмендеуі тек ағымдағы айдың соңында күтіледі. Біз баға тұрақтандырудың негізгі құралдарына талдау жүргіздік. Нәтижелері өңірлерде тұрақтандыру қорларына тауарларды сатып алуға қаражаттың дұрыс бөлінбегенін және механизмді тиімсіз пайдаланудың әлі де фактілері бар екенін көрсетті. Кейбір өңірлерде тәуекелі жоғары өнімдерге мән берудің орнына, бағалары тұрақтары тауарлар сатып алынған. Мысалы, қаражаттың 37%-і ұнды сатып алуға жұмсалды. Оның бағасы бізде тұрақты. Сондай-ақ әдетте инфляция шегінде ғана қымбаттайтын тұз және сүт өнімдері сияқты тауарлар сатып алынды», – деді сауда министрі. 

Оның айтуынша, әкімдіктер қаражатты тәуекелі жоғары және бағалары құбылмалы әлеуметтік маңызы бар тауарларға шоғырландыруы қажет. «Айналым схемасы» мен форвардтың нарықтық механизм екенін ескере отырып, бұл құралдарды барынша пайдалану қажет. Жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігін орындау жөніндегі деректерге сәйкес 1 тамызда әкімдіктерде 633 млрд теңге бос қаражат бар. Яғни, талап етілетін қаржыландыру қолда бар қаражаттың 3%-ін ғана құрайды. Сондай-ақ, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың шоттарында 6,4 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бар. Осы қаражат «айналым схемасы» мен форвардтарға бағытталуы керек.

Сауда және интеграция министрлігі сауда бойынша сараптамалық платформаны іске қосты. Бірінші кезеңде электрондық шот-фактуралар мен фискалдық деректер операторларының чектерінің деректері негізінде ішкі сауда, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша кең сараптама қалыптасуда. Екінші кезеңінде еліміздегі институттармен және көршілес Ресейдің Экономика жоғары мектебімен бірлесіп, нейрондық желілер арқылы азық-түлік тауарлардың бағаларын болжау жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Бұл жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін Мемлекеттік кірістер комитетінің деректер базаларын жылдың соңына дейін Біздің талдау жүйемізбен тікелей интеграциялауды қамтамасыз ету қажет», – деді Б.Сұлтанов.