423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ақмола облысының Изобильное ауылындағы дауылдан зардап шеккен үйлер қалыпқа келтірілді

  • 130
  • UPD: 09:45, 16.08.2021

Ақмола облысының Изобильное ауылындағы дауылдан зардап шеккен үйлер толықтай қалыпқа келтірілді.

Бұл туралы жергілікті билік өкілдері хабарлады.

Естеріңізде болса, осыдан 20 күн бұрын аталған ауылда қатты желдің салдарынан 40 шақты үйдің шатыры ұшып, электр бағаналары құлаған болатын. Жөндеу жұмыстарына жұртшылықтың көңілі тола ма? Елді мекенге қаншалықты зиян келді?

Дамир Берікұлы, тілші:

- 25 шілде күні болған алапат дауылдан ең қатты зардап шеккен үйлердің бірі – Бекмолдиндердің баспанасы. Екпіні қатты желден ескі үйдің шатыры толықтай ұшып кеткен. Төбесі де ортасына опырылып түсуге шақ тұр. Бір сөзбен айтқанда, жөндеуге жарамай қалған.

Жұлдыз Бекмолдина, Изобильное ауылының тұрғыны:

- Біз шатырды жел дәл осылай ұшырып әкетеді деп ойлаған жоқпыз. Өте қорқынышты жағдай. Үстімізге ештеңе құламай тұрғанда аман-есен сыртқа шығып алдық. Сол сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Төбемізге найзағай түскендей болды. Айналаның бәрі тас қараңғы боп кетті. Қатты қорықтық. Сөйтіп, кейіннен әкімдікке бұл үйде тұра алмайтынымызды айттым.

Апаттың салдарын жою үшін арнайы құрылған комиссия да бұл үйдің жарамсыз екеніне көз жеткізіп, аталған отбасыға кәсіпкерлердің көмегімен жаңа баспана алуға септік еткен. «Ал, қалған үйлердің шатырлары дәл бұлай зардап шеккен жоқ», - дейді ауыл әкімі. Дегенмен, барлығын толықтай қалыпқа келтіруге екі аптадай уақыт кеткен.

Қамарбану Қабылденова, Изобильное ауылының тұрғыны:

- Түскендерін берді. Өзі шіріп тұрған ғой. Қалғанын өзіміз сатып алдық. Мына шиферды жаңарттық. Әйнек те алай-дүлей. Әйнек те берді.

Ауыл халқы табиғат апатының кесірінен 5-6 күн жарықсыз отырған. «Қазір электр бағаналарының да барлығы түгелдей жаңартылды», - дейді жергілікті билік өкілдері. Енді тұрғындарға бір реттік қаржылай көмек көрсетілуі тиіс.

Руслан Жақсыбаев, Изобильное ауылының әкімі:

- Мемлекеттен берілетін өтемақы соцзащитаға тапсырылды. Қазір шоттар жиналып жатыр халықтан. Бұл шоттарды қалаға жіберіп, Алла жазса, енді 2 күннен кейін немесе келесі жұмада беріледі деп ойлаймын. 40 МРП – 166 мың.

Жалпы Изобильное – Ақмола облысының ең шалғай ауылдарының бірі. Мұнда 150-ге жуық түтін бар. 500-дей адам тұрады. Апаттан кейін елді мекенде төтенше жағдай жарияланып, оның салдарын жоюға 10 млн теңгеден астам қаржы бөлінген болатын.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Дауылдан зардап шеккен үйлердің басым бөлігі осы қыр жақта орналасқан. «Онсыз да жыл он екі ай тоқтамай самал есіп тұратын елді мекеннің бұл бөлігіндегі желдің екпіні қашан да күшті», - дейді ауыл тұрғындары. Алайда, олар дәл мұндай дауылды бұрын-соңды көрмедік деп отыр.

Галина Луговая, Изобильное ауылының тұрғыны:

- Мен 1977 жылы осында тұрмысқа шықтым. Содан бері осында тұрып жатырмын. Желдер болатын. Бірақ дәл осындай дауылды көрген емеспіз. Енді мына салған шатырлары қаншалықты шыдайды, білмеймін. Енді жел тұрса қорқып отыратын болдық.

Енді мұнда шатыры жабылмаған тек мәдениет үйі қалып отыр. «Ол да алдағы уақытта жөнделеді», - дейді ауыл әкімі. Ал, қазір елді мекенде құлаған ағаштарды жинау және оларды түбімен кесу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы