Р.Ошақбаев: Қауіпті вирустан қорғанудың жалғыз жолы – жаппай вакцина алу

Р.Ошақбаев: Қауіпті вирустан қорғанудың жалғыз жолы – жаппай вакцина алу
Sputnik Казахстан

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың ең жоғары көрсеткіші осы тамыз айында тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

100 мың тұрғынға шаққанда қауіпті індеттен қайтыс болғандар саны бойынша еліміз әлемде 6-орында тұр. Бірақ жағдай одан да әрі ушыға беруі мүмкін. «Қауіпті вирустан қорғанудың жалғыз жолы – жаппай вакцина алу», – деп есептейді экономист және қоғам белсендісі Рахым Ошақбаев. Ол республикадағы пандемиямен күрес жөніндегі азаматтық штабтың «Ел үшін егілемін» атты тәуелсіз бірлестігін құруға бастамашысы болған. «Бүгін Өскеменге дәрігерлер мен үкіметтік емес секторға қолдау білдіру үшін келдім», – дейді ол. Оның айтуынша, мемлекет атынан емес, халық тарапынан болатын жаңа ақпараттық науқанға мүмкіндігінше мамандарды, бизнес өкілдерін, волонтерлер мен жұртшылықты тарту маңызды. Әзірге елде ересек тұрғындардың үштен бір бөлігі ғана екпе алған. Салыстырар болсақ, Канада мен Ұлыбританияда 70 проценттен көп болса, АҚШ, Германия, Францияда орташа есеппен 60% құрайды. Жаңа штабтың міндеті – республика тұрғындарының барлық сұрақтарына ашық жауап бере отырып, мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жұмыс істеу.

Рахым Ошақбаев, пандемиямен күрес жөніндегі азаматтық штабтың мүшесі:

– Шенеуніктер ресми алаңдарда хабар таратады. Ал көп ақпарат WhatsApp, Instagram әлеуметтік желілерінде жарияланып, тікелей эфирлер жүріп жатады. Сондықтан біз осы бағытты қамтитын боламыз. Мәселен, біздің штабтың мүшесі Динара Сәтжанның  Instagram-да 1.2 млн жазылушысы бар. Ол күн сайын эпидемиологтармен, инфекционистермен тікелей эфирлер жүргізетін болады.