Еліміздің ауыл шаруашылығы саласында маман тапшы

Еліміздің ауыл шаруашылығы саласында маман тапшы

Елде ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін маман тапшы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы сала бойынша жоғарғы оқу орнын бітірген студенттердің 80%-і басқа кәсіпке кетіп қалады екен. Мұның басты себебі – жалақының төмендігі. Бұл туралы бүгін Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде өткен жиында айтылды. Агроөнеркәсіп кешеніндегі проблемаларды талқылауға депутаттар, әр саладағы министрлік өкілдері, қоғамдық ұйымдардың белсенділері қатысты. Жиында агрөнеркәсіп субьектілеріне несие берудің тиімділігін арттыру жайы да сөз болды. Ауыл шаруашылығына бөлінген қаржының тиісті мақсатта жұмсалуын қадағалауды күшейту қажет. Қатысушылар жергілікті басқару органдарының тарапынан мониторингтің дұрыс деңгейде жасалмай отырғанын атап өтті.

Бауыржан Сартбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ең алдымен ауылдағы жерлердің өмір сүру деңгейін көтеру қажет. Және жаңағы айтқан ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту керек. Себебі дамыған ауылда жастар да жұмыс істеуге тырысады. Қалуға тырысады. Бұл мәселелер біздің «Nur Otan» партиясының бағдарламасында айтылған.