Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Конституция күніне орай Қызылордада жиын өтті

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Конституция күніне орай Қызылордада жиын өтті. «Тәуелсіз Қазақстан: Жасампаздыққа толы жылдар. Қызылорда облысының басты жетістіктері» атты басқосудың мақсаты ел тарихына шолу жасау арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, Елбасы ролін айшықтау. Ұйымдастырушылар осылай дейді.

Қазақстанның төл валютасы – теңгенің айналымға енуі. Іргедегі алпауыт көршілермен келісе отырып, ұрыс-керіссіз шекараны шегендеу. Алдымен экономика, сосын саясат ұстанымы. Нарықтық экономика құру. Конституцияны қабылдау. Бұл Тәуелсіздіктің жылдарындағы мемлекеттің тұғырын нықтаған айтулы бастамалар. Дөңгелек үстелге қатысушылар еліміздің осынау жетістіктері Елбасы есімімен тығыз байланысты екенін айтады. 

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Нарықтық экономикаға көшу – бұл өте қиын шаруа. Біз соның ішінде Орталық Азия мемлекеттерінде ең алғашқылар болып, 1992 жылдан бастап нарықтық қатынасқа еніп, қазір толыққанды Қазақстан Тәуелсіз мемлекеті нарықтық қатынасқа енген мемлекет деп әлем жұртшылығы мойындайды. 

Әлемдік қауымдастықта «Қазақстандық даму моделі» кеңінен танылды. Еуропа қауіпсіздік ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу, Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу секілді ірі тарихи оқиғалар еңселі елдің әлемдік аренадағы салмағын айқындайтыны сөзсіз. Ал оның діңгегі көп этносты мемлекеттің бірлігі мен ынтымағы болып қала бермек, дейді сарапшылар.

Ирина Шек, неміс этномәдени бірлестігінің жетекшісі:

- Тәуелсіздіктің арқасында әсем астанамызды салдық. Жастарымыздың болашаққа деген сенімді көзқарасы қалыптасты. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, ел бірлігі нығая түсті. Өңірлерде Достық үйлері ашылды. Тұрақтылықтың арқасында еліміз көркейді, дамудың даңғыл жолына түсті. 

Ел дамуының нақты көрінісін Сыр елінің барлық саладағы дамуынан да көруге болады. Осынау қол жеткізген жетістіктерді одан әрі еселей түсу үшін Тәуелсіздікті сақтау, қорғау, қадірлеу маңызды деп ой түйді келелі басқосуға қатысушы зиялы қауым.

Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхаммед Байділдаев