Вакцина паспортын сатып алғандардың тегін екпе салдыруына болады – Бекшин

Ковидке қарсы екпе алмаса да жалған паспорт жасатқан азаматтар өз кінәсін мойындап дәрігерге баратын болса, ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Тіпті тегін вакцина салдыра алады. Бұл туралы бүгін Алматы қаласының мемлекеттік бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.

Біздің мақсатымыз жазалау емес, вакциналау деді ол. Себебі қаладағы эпидемиологиялық жағдай әлі де қиын болып тұр.

Жандарбек Бекшиннің айтуынша, 4 қыркүйекке дейін карантиндік шектеулердің 95 проценті сақталады. Жағдай қыркүйектің екінші жартысында тұрақталуы мүмкін деген болжам бар. 

Жандарбек Бекшин, қаланың мемлекеттік бас санитар дәрігері:

- Жаңа оқу жылын штаттық режимде ұйымдастыру мақсатында, халықты жедел вакцинациялауға және қоғамдық орындармен қоғамдық көліктерде бетперде режимін сақтауға, адамдар көп жиналатын обьектілерге түнгі клубтар, мейрамханаларға, дәмханаларға бармауға, үй жағдайында бұқаралық іс шараларды да шектеуге шақырамын.