Ақмола облысында вирус жұқтырғандар саны азайған

Шілде мен тамыз айларында тәулігіне 100-ге жуық адам ауруханаға түссе, қазір күніне 5-6 науқас стационарға жатқызылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Медицина мекемелерінде 663 адам ем қабылдап жатыр. Жаз мезгілінде ауруханалар 90 процентке дейін толған еді. Қазіргі жүктеме – 38 процент. Алайда мамандар алдағы күндерге болжам жасай алмайды. Күн суытқанда аурудың өршу қаупі бар. Жалпы пандемия басталғалы Ақмола облысында 40 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырған. 10 ауруханада екі мыңға жуық инфекциялық төсек-орын жабдықталды.

Нұрлан Шағыров, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Біз 1750 койканы төмендетпей сол деңгейде ұстап отырмыз. Өйткені, маусымдық тұмау ауруы да өршуі мүмкін. Сондықтан кішкене күдігіміз бар. Бәрі жақсы болса, әлі де төмендей береді. Инфекциялық койкаларды жабуға тырысамыз.