БҚО-да соңғы аптада ковидке шалдығу көрсеткіші 11%-ке төмендеді

БҚО-да соңғы аптада ковидке шалдығу көрсеткіші 11%-ке төмендеді

Батыс Қазақстан облысында тұрғындардың 58%-і короновирусқа қарсы екпенің бірінші, ал 50%-тен астамы екінші компонентін салдырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы аптада ковидке шалдығу көрсеткіші 11%-ке төмендепті. Дегенмен, «сары аймаққа» өткен өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты деуге әлі ерте. Тек соңғы тәулікте тағы 31 адамнан коронавирус анықталған. «Сондықтан вакциналау жұмысын ширата түсу маңызды», - дейді мамандар.

Облыс аумағында күні бүгін 47 екпе салу пункті жұмыс істейді. Сонымен бірге бірнеше жылжымалы медициналық кешен де ауылдарды аралап жүр. Вакцина жеткілікті. Қаладағы №1 емханада 20 мыңдай тұрғын коронавирус инфекциясына қарсы екпе салдырыпты.

Сұңқар Ешмұхамбетов, емхана директорының орынбасары:

- Бізде Vero Cell, Hayat, ресейлік «Спутник V» және отандық өнім саналатын QazVac секілді вакциналар бар. Емханада әр күн сайын орта есеппен 100-150 адам екпе салдырады. Бұл тек жұмыс күндері. Негізі екпе салу жеті күн бойы жалғасады.

Айман Рыскелді, қала тұрғыны:

- Вакцинацияны кеш алып жатқан себебіміз көктемде ауырғанбыз. Ауырға соң 3-6 ай салуға болмайды. Енді антидене жоқ болғаннан кейін міндетті түрде вакцина салдыруға отбасымызбен бірге шешіп, бәріміз салдырып, мінекей, бүгін екінші компонентін алып жатырмыз. Ешқандай өзгеріс болған жоқ. Жақсы. Күнделіктегідей сезініп жүрмін.

Індет белгілері байқалған бойда бірден дәрігер көмегіне жүгінген жөн. Өздігінен емделем деп жағдайын қиындатып алған науқастар да бар екен. «Ал, аурудың алдын алудың бірден бір жолы екпе салдыру», - дейді мамандар.

Айгүл Күлбарақова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Әрбір учаскелік қызмет бөлімдерінде жұмыс қарқыны артты. Мамандар созылмалы сырқаты бар диспансерлік топтарда түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе, қант диабеті, артериалды гипертензия мен семіру секілді ауруға шалдыққан науқастар коронавирус инфекциясын ауыр өткереді. Ал, вакцина аурудың неғұрлым жеңіл өтуіне көмектеседі.

Екпе салдыру аптаның әр күні қолжетімді. Қазір қаладағы ірі сауда нысанының маңында мына секілді жылжымалы медициналық кешен жұмыс істеп тұр. Өңірде ұжымдық иммунитет қалыптастыруға ниетті мекеме-ұйымдар мен өнеркәсіп кәсіпорындары көбейген. «Дегенмен, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары әлі де жалғасады», - дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов