Жамбыл облысында былтыр салынған жол бір жылға жетпей жарамсыз болып қалды

Жамбыл облысында былтыр салынған жол бір жылға жетпей жарамсыз болып қалды. Оны жөнге келітретін де ешкім болмай тұр.

Қойгелді-Ерназар бағытындағы аудандық маңыздағы жолды орта жөндеуден өткізуге, қыруар қаржы бөлінген еді. Алайда жұмыс сапасыз атқарылып, асфальт беті әр жерден ойылып кеткен. Тексеріс жүргізген мамандар бірқатар кемшілікті анықтап, құжатты сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің облыстық департаментіне жолдады.

Руслан Бақытбекұлы, тілші: 

- Әйтеуір осы Қойгелді-Ерназар бағытындағы жолдың бағы ашылмай қойды. Бұған дейінгі жаңалықтар шығарылымында дәл осы жолдың Жамбыл ауданына қарасты бөлігінде асфальт төсеу жұмыстары басталмай жатқандығы туралы жұрттың шағымын жеткізген болатынбыз. Бұл жолы проблема Талас ауданындағы бөлігінде туындап отыр. Мұнда былтыр «Нұрлы жол» бағдарламасымен 72 миллион теңге бөлініп жол істелген. Бірақ сапасыз болып шықты.

Бірнеше ауыл мен қала тұрғындары қатынайтын облыстық маңыздағы жол жарты ғасырға жуық уақыттан бері жөндеу көрмеген еді. Көптің тілеуімен былтыр 11,4 шақырым жолдың 4,4 шақырымы орта жөндеуден өткен. Алайда «жөнделді» деген аты ғана. Әр жерден жамап, жүрдім-бардым істелген.

Айтмұхамбек Тұтқышбаев, Тоғызтарау ауылының тұрғыны:

- Сапа жоқ бұда. Әр жерден істеген. Бұрынғы секіретін жерлері секіреді. Мынаның өзі кейінгі істегеннің өзі ойылып кетті ғой көріп отырсыздар.

Дмитрий Надеин, көлік жүргізушісі:

- Жолды төсегеннен кейін бір ай өтпей бүліне бастады. Ал бір жыл ішінде шаруасы бітті. «Жөндейді» деп неше жылдан бері күттік. Нәтижесі мынау. Жұмсалған ақша желге ұшты деген сөз бұл.

Фархат Асубаев, Тамды ауылының тұрғыны:

- Осы жолмен жүрем даже скорості 80-ге апара алмайсың. 40-45-пен отырасың. Жол нашар. Көп уақытқа шыдамай жатыр ғой жолдың бәрі. Жасыратын несі бар. Елді алдап. Енді екі жылдан кейін қайтадан быт-шыт болады.

Жолды жөндеп, асфальтін төсеген мердігер «Жандос и компания» екен. Ал оған тапсырыс берген де, құрылыс барысын күнделікті қадағалаған да аудандық әкімдік. Одан бөлек тағы техникалық және авторлық қадағалаушы бар. Ең сорақысы, сапаға толық көз жеткізбей тұрып тапсырыс беруші нысанды актпен қабылдап алған.

Талас аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының айтуынша, бұл жолға қатысты сыбайлас жемқорлыққа қатысты былық болуы мүмкін. Күдік бар. Қазір қосымша сараптама тағайындалып отыр. 

Еркін Алтешов, Талас аудандық ТҮКШ Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілген. Тексеру барысында анықталған кемшіліктерге сәйкес, бүгінгі таңда іс сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Жамбыл облысы департаментіне өткізілген. Бүгінгі таңда департамент тарапынан тергеу жүріп жатыр. Мердігер компания тарапынан гарантиный мерзім бар ол жерде. Талап-арыз сотқа берілетін болады. Кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Мердігер қайтадан жөндейді дегенді көктемде мамыр айында естігенбіз. Бірақ әрекет жоқ. Баяғы жартас сол жартас күйінде. Әлеуметтік маңызы зор жолдың мәселесін май шаммен қарайтын уақыт жеткен сияқты. Қанша дегенмен бірнеше ауыл тұрғындары осы жолмен қатынап күн көріп отыр ғой. 

Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә