Жолдау-2021: «Қаллеки» театрында зертхана ашылды

«Қаллеки» театры зертхана ашты, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Мұнда жас актерлер шыңдалып, үлкен өнерге жол тартады. Жаңашылдыққа үйір, заманауи жанрларды дамытып жүрген өнер иелері Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын қуанышпен қабылдады. Өйткені жыл соңына дейін дарынды мәдениет өкілдерін дәріптеуге бағытталған нақты шаралар жоспары дайындалуға тиіс.

«Қаллеки» театрының әртістері «Айман-Шолпан» қойылымын заманауи нұсқада сахналамақ. Қызу дайындыққа біз де куә болдық. Бұл Айманның ролін сомдайтын Ақжан Құрмашева. Жас актриса жауапты миссия арқалап тұрғанын түсінеді. Сондықтан болар, қойылым алдындағы толқынысын жасыра алмай тұр.

Ақжан Құрмашева, Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы:

– Біраз жыл бұрын сахналанған бұл қойылым. Сосын алып тастаған. Енді қазір жаңартылуда. Өте қызықты жұмыс болып жатыр. Өзім осы жерде басты рольді сомдағандықтан, бұл процесс мен үшін өте қызық және жауапкершілігі өте мол.

Осы театрда 13 жыл бойы тер төгіп келе жатқан Жасұлан Ерболаттың да ертеңгі күнге сенімі мол. Театр туындыларының қазақ арасы ғана емес, жат жұртта да лайықты бағаланғанын қалайды. Сол үшін әріптестерімен бірге жаңа дүниелер жасауға ынтық. Осы орайда Президенттің жас өнерпаздарға назар аударғанын жақсылыққа балады.

Жасұлан Ерболат, ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:

– Бұл Жолдауда бізге, әсіресе, жастарға ұнағаны – қаламгерлерге, театр қызметкерлеріне, суретшілер мен мүсіншілерге, жас дарынды өнерпаздарға қатты көңіл бөлінген. Біз өте қуаныштымыз. Осы Жолдаудан кейін оң нәтижесін береді деген ойдамыз.

Көрерменді таң қалдыру қиын. Сондықтан жанрлар да жаңарады. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін Қаллеки театрының зертханасы ашылды. Онда қазақтың біртуар авторларының прозалық шығармалары сахналанады. Театр сыншысы Мирас Әбіл кешкі тоғызда қойылған ерекше қойылым жастардың ықыласына бөленгенін айтады.

Мирас Әбіл, театр сыншысы:

– Театрымыздың жас актері Бәзіл Сұлтанғазы «Ұйқым келмейді» деген Оралхан Бөкейдің шығармасын заманауи көзқараста сахналады, бұған дейін біздің театрларда мұндай нәрсе болмады. Кешкі сағат 21:00-ге дейін спектакль қоюдың өзі адамдардың бәрі жұмысынан шығып, жастар түнгі клуб сияқты бос уақыт өткізетін жерлерге қарағанда, театрмен тыныстасын деген ниет қой. Бұның өзі жаңа көзқарасқа жататын секілді.

Жастардың көзқарасы өзгеше. Демек, театрдың да ертеңгі кейпі өзгереді. Тек Жолдауда айтылған қолдау ұмытылып қалмаса болғаны.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Наурыз Базаров