Елордада жаңа жағалау салынады

Елордада жаңа жағалау салынады
astana.gov.kz

Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасында Нұра-Есіл каналының жаңа жағалауы жобасының эскиздері көрсетілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Қоғамдық кеңістік тұжырымдамасы урбанистік сәулетшілердің осы көктемде аудан тұрғындарымен өткен бірнеше кездесуінен кейін жасалды. Тұрғындар өз аулаларына қандай өзгеріс енгізгісі келетінін шешеді – ойын алаңдары немесе фитнес аумақтары.

Абаттандыру жұмысы екі кезеңге бөлінеді деп хабарланды. Бірінші кезекте Ұлы Дала даңғылынан Оңғарсынова көшесіне дейінгі учаске жөнделеді. Мұнда шамамен 19 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылады, сол сияқты 20 мың шаршы метрден асатын тротуар төсемдерінің алаңы салынады. Екінші кезекте Оңғарсынова көшесінен Хусейн Бен Талал көшесіне дейінгі учаскеде осындай жұмыстар жүргізіледі. Көгалдандыру ауданы – 15 568,1 шаршы метр. Тротуар төсемдерінің ауданы – 14 692 шаршы метр.

Бұл аумақта ересектер де, балалар да бос уақытын тиімді өткізбек. Жергілікті тұрғындар елордалықтар үшін жайлы, ыңғайлы, қауіпсіз жағалау жасалынса деген тілегін білдірді.

Сондай-ақ тұрғындар өз ауласында спортпен шұғылданатын орындар, балалар алаңдары, веложолдар салынғанын қалайды.

Жобалық шешімде стритболға арналған 2 алаң көрсетілген. Бұл ретте, футбол алаңы волейбол алаңына айналуы мүмкін. Жылдам тамақтану павильондары мен велосипед станцияларын орнату, мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруы үшін кедергісіз орта құру көзделген.

Сонымен қатар теннис үстелдерін, көлеңкелі шатырлар, әткеншектер орнату жоспарланып отыр. Бұған қоса барбекю жасайтын орын да ашылады.

Сауалнама нәтижесі бойынша жобалық шешімде екі жерде балық аулауға арналған пирстер ескерілді. Аудан тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін көпірлер де салынады.

«Қоғамдық кеңістікті құру кезінде мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болу үшін «адамдарға арналған қала» тұжырымдамасы ескеріледі. Бұл да «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында урбанистердің тұрғындармен орнатқан қарым-қатынасының нәтижесі. Әрине, навигация, елорданың дизайн-коды бойынша көгалдандыру мәселесі де ескерілді», - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.

Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкеннің айтуынша, жобалық шешімде жағалау бірнеше учаскеге бөлінген, олардың әрқайсысы белгілі бір демалыс түріне арналады. Учаскелер жүгіру және велосипед жолдарын байланыстырады. Жобаны келесі жылы іске асыру жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, аулалар мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмысы елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарын іске асыру аясында жүргізілуде. 2020 жылы Нұр-Сұлтанда 150-ден астам аула мен 60 қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылды. Биыл 190-ы салынып, жөнделеді.

Тұрғындар тарапынан түскен тілектерге сүйене отырып, жобалық шешім жасалып, идея жүзеге асырылады. Жобалау алдында елордалық урбанистер сауалнама жүргізіп, қала тұрғындарының ұсыныстарын жинайды. Тұрғындармен кездесулерде командалық дизайн-ойын өткізіледі. Нәтижесінде жаңа қоғамдық кеңістікті ұйымдастырудың эскиздік ұсынысы пайда болады.