Алматыда желдің екпіні соңғы 30 жылда үш есе бәсеңдеген

Жыл өткен сайын Алматының ауасы ластанып барады. Соңғы 30 жылда желдің екпіні үш есе бәсеңдеген.

Бұл туралы еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді. Қалыптасқан жағдай қала тұрғындарын алаңдатып отыр. Оның себеп – салдарын анықтау үшін жергілікті билік желдену жүйесін зерттейтін жобаны қолға алмақ.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Алматы еліміздегі ауасы лас қалалардың көшін бастап тұр. Мегаполис көмір жағатын жылу электр станциялары мен көліктің көптігінен түтінге тұншығып тұр. «Қазгидромет» мекемесінің деректеріне сүйенсек, 30 жыл бұрын шаһардағы желдің екпіні секундына 6 метр жылдамдықпен соғатын болса, қазір бұл көрсеткіш небәрі 1 метрге жетер-жетпес. Сондықтан Алматы аспаны түтінді тұманнан ашылмайды.

Гауһар Ниеталина, қала тұрғыны:

- Алматының ауасы онша жақсы емес. Автокөлік өте көп. Жаздың күні ыстық болғанда жел соқпайды. Демалғанға қиын. Биік үйлер реттеліп салынсын.

Назерке Әбдірахманова, қала тұрғыны:

- Былтыр карантин кезінде көбіміз байқадық, түтіннен көрінбей қалды қаланың жоғары жағына барған кезде. Себебі машиналардың жүруін азайтты. Қазір биік үйлер көбейіп жатыр. Ол да вентиляциялауға ауаны әрі-бері айдуына кедергі келтіреді.

Мамандардың айтуынша, экологиялық мәселенің себеп-салдарын анықтап, жағдайды жақсарту үшін ауқымды жұмыс атқару қажет. Ең алдымен мұндағы құрылыс қарқынын, салынатын ғимараттардың орналасуы мен биіктігін зерттеу керек. Аэрация картасын жасау сол жұмыстың бастамасы болмақ.

Алмасхан Ахмеджанов, қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы:

- Суық жел келгенде үйдің сыртын қалай жасауымыз керек. Жылу ұстайтын қабырғалар жасаумыз керек пе әлде жеңіл қабырғалар салуымыз керек пе. Осы мәселелер осы жұмыстан шығады. Ары қарай жел мәселесіаэрация мәселесі біткеннен кейін практикалық нәрсеге көшеміз үйлердің жобаларына.

Мегаполистің желденуі мен ауа айналымына қала маңындағы елді мекендер де әсер етеді. «Сондықтан да жеке тұрғын үй секторларын, орман-тоғайларды, құрылыс нысандарын салу жұмыстарын да зерттеу керек», - дейді мамандар.

Зулфухар Жолдасов, ҚР ЭГТРМ ЭКологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы:

- Біздің білуімізше, қазіргі кезде Алматы қаласының әкімдігі осымен айналысатын ұйымды таңдауға кіріскен. Зерттеу нәтижелеріне қарап қаланың бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Қаланың аэрация, яғни желдену картасын әзірлеу үшін жылдың төрт мезгіліндегі желдің екпінін зерттеу керек болады. Сондықтан бұл жоба тек екі жылдан кейін ғана іске асырылады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әсем Қосшығұлова, Эдуард Кон