Жезқазғандағы «Ұлағат» орталығы қыз-келіншекке түзу діни бағыт беріп отыр

Жезқазған қаласында қазір діни ахуал тұрақты. Оған сүбелі үлес қосып отырған осындағы «Ұлағат» қыз-келіншектерді дамыту орталығы. Бес жыл бұрын құрылған ұйымға келушілер қатары жыл санап көбейіп келеді. Орталық қандай көмек көрсетеді, қоғамға қандай пайдасы бар? 

Жезқазған өңіріндегі діни ахуалды жақсарту, исламға бет бұрған жамағатқа дұрыс бағыт беру үшін осыдан 5 жыл бұрын «Ұалағат» қыз-келіншектерді дамыту орталығы құрылған болатын. Осы аралықта рухани шаңырақтан тәлім-тәрбие алған талай жан бүгінде қоғамнан өз орнын тапқан.

Мереке Мырзабекова, Жезқазған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

- Әйел – ол ардақты ана, аяулы жар, ол ұлтты сақтаушы, отбасының ұйытқысы, тәлім-тәрбие беруші. Сондықтан әйел адамға жан-жақты көмек беру, олардың оқуына, жұмыс істеуіне мүмкіндік беру, дамыту, қазіргі күні өте маңызды болып тұр.

Зәбира Айнаходжаеваның орталыққа келіп жүргеніне үш айдан асқан. Үш баланың анасы «араб тілі» курсын тәмамдап, қазір тігіншілік өнердің қыр-сырын меңгеріп жатыр. 

Зәбира Айнаходжаева, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Біздің ұстазымыз тек ғана үйретіп қоймай, оны әрі қарай дамытып, өзіміздің жеке кәсібімізді бастауға да қолдау көрсетіп, көп мүмкіндік тудырып отыр.

Бүгінгі таңда орталықта 50-ге жуық қыз-келіншек бар. Оларға дәстүрлі ислам діні бойынша теологтар, психологтар дәріс береді. Ал шариғат сабағында намазды дұрыс оқу, дәрет алу шарттары үйретіледі. Бұған қоса араб, ағылшын тілі және тігін курстары бар. Тіпті мұнда балаларға қарайтын арнайы мамандар да жұмыс істейді. 

Гүлбану Сейітжанова, орталық психологы:

- Әйел адамның қоғамдағы өзіндік орыны, әсіресе мұсылман әйелдің қоғамдағы орыны және де ана мен баланың қарым-қатынасы, әйелмен отбасында болып жатқан кикілжіңдердің алдын алу жұмыстары осы жерде жеке және топтық жұмыстар жүргізіліп отырады.

Айта кету керек, орталықта тырнақ күтімін, балаға массаж жасауды үйрететін де арнайы курстар бар екен. Қазірдің өзінде оны бітірген қыз-келіншектердің біразы кәсіп ашып, нәсіп тауып жүрген көрінеді.

Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев