Қазақстандық Дина Темірқанатқызы тарихи жеңіске қол жеткізді

Қазақстандық Дина Темірқанатқызы тарихи жеңіске қол жеткізді

Қазақстандық Дина Темірқанатқызы тарихи жеңіске қол жеткізді. Ол жұмысшы мамандардың құрлықтық додасында қола жүлдегер атанды.

Бұл жолғы бәсеке Австрияның Грац қаласында өтті. Дина «Веб-дизайн және әзірлеу»  құзіреттілігі бойынша қатысып, үздік үштікке ілікті. Бұндай жетістікке ұлттық құрама алғаш рет жетіп тұр. Еурпа үздігін елорда әуежайынан туыстары мен достары күтіп алды. 

Айта кетейік, Дина Павлодардағы Ақпараттық технологиялар колледжінің түлегі. Өткен жылы ел чемпионатында топ жарып, ұлттық құрамаға алынған болатын.

Дина Темірқанатқызы, Euroskills Graz 2021 чемпионатының жүлдегері:

– Бұл жарысқа ұзақ дайындалдым. Біліктілігімді жетілдіре түсу үшін ел ішіндегі бәсекелерге қатыстым. Бірақ құрлықтық деңгейдегі доданың жөні бөлек. Тапсырмалары қиын. Қарсыластар мықты. Соған қарамастан, намысқа тырысып, қолдан келгеннің барлығын жасадым. Қола жүлде бұйырды. Өте қуаныштымын.

Айта кетейік, жұмысшы мамандардың құрлықтық додасына биыл 31 елден 500-ге жуық қатысушы жиналды. Жарыс 38 бағыт бойынша өтті. Қазақстандық қыз-жігіттер оның бесеуінде бағын сынады. Ол – Мехатроника, Дәнекерлеу, Құрылыс, Шаштараз және Веб-дизайн салалары. Жалпы жерлестеріміз осындай деңгейдегі бәсекелерге 2015 жылдан бері тұрақты қатысып келеді.