Батыс Қазақстан облысында мал дәрігерінің тапшылығы сезіле бастады

Батыс Қазақстан облысындағы мал дәрігерлерінің дені елуді еңсерген. Ал жастардың ауылда тұрғысы келмейді. Өткен 5 жылда өңірдегі аграрлық-техникалық университетті ветеринарлық медицина мамандығы бойынша 354 түлек тәмамдаған. Қазір соның тек 68 проценті өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Енді жастардың ауылға келуіне басқа қандай себеп бар? 

Қойшыбай Нәбиевтің мал дәрігері болып еңбек етіп келе жатқанына 40 жылға жуықтапты. Қазір Бәйтерек ауданына қарасты Мичурин ауылында жұмыс істеп жүр. Округке қарасты 5 ауылда мың жарымдай ірі қара бар. Олардың жай-күйін бақылау, сырғалау, түрлі ауруларға қарсы жоспарлы егу секілді жұмыстарды жалғыз өзі атқарады. Бірақ тәжірибелі дәрігер жұмысым қиын деп ешкімге базына айтқан емес. Тек жас мамандарға жағдай жасалса дейді. Өйткені салада қиындықтар баршылық.

Қойшыбай Нәбиев, Мичурин ауылының мал дәрігері:

- Жалақы мәселесі бұрын бұдан да қиын болды. Қазір шүкір. Соңғыда 20 процентке көтерді. 90-тей (!) аламыз где то қолға. Бәрі қымбат, тем более сол жетер де деп қалар едім маған. Но жастарға аз ғой. Біздің салада жастар аз, именно мал егіп осындай жұмыспен жүретіндер. 

Жоғары оу орнын бітірген жастар келісімшарт бойынша 3 жыл осы салада еңбек етуі тіис. Бірақ ауылдық жерде тұрақтап жұмыс істейтіндері некен саяқ.

Қойшыбай Нәбиев, Мичурин ауылының мал дәрігері:

- Ну, басында келеді ғой енді. Көріп жүрміз ғой. Маған да көмекшілер береді, 2-3 ай жасайды, 1 жасайды да қой мен зарплата жақсы жұмыс тауып алдым деп кетіп қалады. Иә, маман жетіспейді, жоғарыда да біліп отыр ғой бәрін.

Аралбек Елеуов мемлекеттік бағдарлама аясында несие алып сүтті ірі қара сатып алыпты. Қазір шаруашылығын кеңейтіп, өнімін өткізуді жолға қойған. Ата кәсіпті өрістету үшін түліктің саулығына көңіл бөлінуі иіс. Ол үшін білікті маманға қолдау қажет, дейді ол.

Аралбек Елеуов, Мичурин ауылының тұрғыны:

- Өте қажет ветврач маман. Именно білікті маман. Мал таза болуы үшін болуы үшін оны жылына 2 рет уақытымен алу керек. Егер ветврач болмаса ол сала қадағаланбай қалады и 3-4 жылдан кейін өзінің әсерін тигізеді. Қазір мәселе сол білікті маман болса жұмысымызды жалғастыруға жеңіл болады.  

Соңғы 5 жылда өңірдегі іргелі жоғарғы оқу орынын 354 маман тәмамдаған. Соның 70 процентке жуығы қазір ветерианрия саласында жұмыс істеп жүр. Университетте күні бүгін 400-дей студент ветеринария мамандығын меңгеріп жатыр. Олардың теорияны тәжірибемен ұштастыруына барлық жағдай бар.

Ізімғали Жұбантаев, жоғары оқу орнының ветеринарлық медицина және мал шаруашылығы институтының директоры:

- Күні бүгін бұралқы иттер дейміз, соларды стерилизация, кастарция, бұл студенттерге тәжірибелік алаң болып табылады. Оның сыртында өзіміздің үлкен шаруашылығымыз бар асыл тұқымды Тасқала ауданында. Мамандық бойынша пәндердің барлығы тәжірибеге бағытталған. Өндірістік жағдайда өтеді.

Әли Әбдіраман, студент:

- Ауыл шаруашылығы жерлерінде осы ветеринария мамандығына дұрыс жағдай жасалмағандықтан осы қалада немесе қала маңындағы фермаларға жұмыс жасау алдағы ойым. Сондай жағдай жасалмағандықтан ол жаққа баруға ұмтылып тұрған жоқпын болашақта.

Жастар ауылға түбегейлі бет бұру үшін көп жұмыс істелуі керек. Ең әуелі ауылда инфрақұрылым мәселесі шешімін табуы қажет. Басқа да қиындықтар бар.

Балдай Сапарғали, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- Саладағы басты мәселелердің бірі жас мамандардың жұмысқа деген қызығушылығының болмауы ветеринарлық қызметке деген. Өйткені ветеринария саласында жұмыс жасау өте ауыр. Бұл қыстың аязында, жаздың аптап ыстығында жұмыс жасауға тура келеді. Сонымен қатар олардың жалақылары аз болып келеді. Сондықтан да жас мамандар тарапынан қызығушылық болмай отыр.

Міне Қойшыбай ағамыз көлікті қайта тізгіндеп келесі үйдің ауласына бет алды. Көлік демекші, осыдан он шақты жыл бұрын мал дәрігерлеріне берілген техника қазір әбден тозған. Жүруінен тұруы көп. Ондайда қобдишаны арқалап ауылды жаяу аралауға тура келеді. Өйткені шақырту түссе ойланып отыруға уақыт жоқ. Тіпті еңбек демалысымызға қарамай жұмыс істей береміз, дейді ол.

Қойшыбай Нәбиев, Мичурин ауылының мал дәрігері:

- Мен осы салада 1985 жылдан бері жұмыс жасаймын. Сол уақыттарда осы бірінші рет машина берді 2013 жылы осы машинаны. Өмірімде бірінші рет, біздің службаға берілген бүкіл. Соны енді бұл да ескірді қазір. Но уже ауыстыруға басқа беруге ме керек сияқты, тұрып қалады, жаяу жүреміз. Өзім отделениеде тұрамын. Егер мына машина тоқтаса келіп кету қиындайды. Бұрынғыдай атарба дегенді қазір қойдық.  

Алыс ауылдарға бюджет қаржысы есебінен 4 модульді ветеринарлық бекет сатып алынған. Өз қызметінде жетістікке жеткендерге шипажайға жолдама беріледі. Мамандарды қолдау мақсатында жалақы мөлшері 25 процентке ұлғайды. Бұл өңірдегі осы салада еңбектеніп жүрген 600-дей маманға үлкен қолдау. Дегенмен, аймақта әлі 30 шақты мал дәрігерінің орны бос тұр. 

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов