Семейде әлеуметтік тігін цехы ашылды

Семейде әлеуметтік тігін цехы ашылды

Семейде әлеуметтік тігін цехы ашылды. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін халықаралық ұйым грант бөлсе, жергілікті университеттердің бірі арнайы жеңілдікпен бөлмелер беріп отыр.

Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалардың аналары мен жарымжан тұрғындар еңбек етеді. Қазірдің өзінде төсек жабдықтары, арнайы киімдерге, көрпе сияқты бұйымдарға тапсырыстар түсіп, бұрын жұмыссыз отырған семейлік әйелдер нәпақа таба бастады.

Жанерке Алдажарова Семейдегі колледжердің бірін үлгілеуші-констуктор мамандығы бойынша бітіргенмен, тұрақты жұмыс таба алмай қиналған. Өйткені денсаулығындағы ақауға байланысты кез-келген жерде өзі де еңбек етуге жүрексінген. Енді міне, көңілінен шығатын жаңа жұмысты ұршықша иіріп әкетті.

Жанерке Алдажарова, қала тұрғыны:

– Көп уақыт жұмыс таппадым, осы жұмысқа келдім. Істеп жүрмін. Басында біз төсек жабдығынан бастағанбыз, соны тіккенбіз. Қазір осылай ақырын балабақша тәрбиешілеріне киім тігіп отырмыз. Енді болашақта ойлаймын, бұдан да үлкен цех болады және жақсы жетістікке жетеміз.

Әлеуметтік жоба халықаралық ұйымдар және жергілікті университет қолдауымен жүзеге асқан. Арнайы бөлінген грантқа құрал-жабдықтар сатып алынса, оқу орны бірнеше бөлмені жеңілдікпен ұсынып отыр.

Дина Қарашева, жобаның әкімшісі:

– Сұраныс бар, қазір би билейтін көптеген ұжым бар. Сол кісілер тапсырыс жасайды, сахналық образдарына арналған костюмдерге, одан бөлек тойға киетін киімдерге тапсырыс береді. Ұлттық киімдерге де тапсырыс аламыз және қыз жасауы, құрақ көрпе, т.б. әзірлеуге мүмкіндігіміз бар.

Университетте соңғы жылдары халықаралық байланыстар жақсы дамып келеді. Болашақта тағы бірнеше жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Индира Оралқанова, университет проректоры:

– Біздің 8 ғалым Израиль мемлекетіне барып, арнайы тағылымдамадан өтіп келді. Қазіргі кезде сол кісілер аграрлық бағытта жұмыстарын атқарып, сол жақтан алған білімдерін осы университеттің жұмысын ары қарай дамытуға жұмсап жатыр.

Тігін цехында қазір 6 адам жұмыс істейді. Шикізаттың барлығы, отандық, дизайнерлік жұмыстар да қыз-келіншектердің өз қиялынан туған. Тапсырыс көбейген сайын тағы да бірнеше тұрғынды жұмысқа алу көзделіп отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы