Әлемде аштыққа душар болғандар саны 100 миллионға жетті

Әлемде аштыққа душар болғандар саны 100 миллионға жетті

Әлемде 700 миллион адам азық-түлік жетіспеушілігін сезініп отыр. Бұл жер шарындағы әрбір оныншы тұрғын қиын жағдайда деген сөз. Оның үстіне, пандемияның кесірінен аштыққа душар болғандар саны 100 миллионға жетті.

Қазақстан нарығы әлемдік бағаның қымбаттауына байланысты туындаған қысымды қазірдің өзінде сезініп отыр. Бұған жауап ретінде Еуразиялық экономикалық комиссия одаққа мүше елдермен бірлесіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ қағидаттары мен әдістерін әзірледі. Коронавирус пандемиясына қарсы күресті бірлесіп жүргізудің де келесі алғы шарттары талқыланды. Климаттық өзгеріске қатысты бірлескен мәлімдеме де мақұлданды. Экономикасы шикізат өндірісіне негізделген бес ел көміртексіз даму мақсаттарына қол жеткізуге ниет білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Еуразиялық экономикалық комиссия Одаққа мүше елдермен бірлесіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ қағидаттары мен әдістерін әзірледі. Құжатта азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге, тапшылықтың пайда болу қаупін азайтуға, сондай-ақ импортты алмастыруға бағытталған шаралар қамтылған. Құжаттың маңыздылығын ескере отырып, оны Кеңестің Алматыда өтетін отырысында бекітуді ұсынамын.

Бұдан бөлек, Қазақстан фармацевтика және ғылым саласында күш біріктіруді ұсынады. Індетпен күресте оң нәтижеге қол жеткізгенімізге қарамастан одаққа мүше елдерде жағдай әлі де қиын. Жаңадан пайда болған штамдар мен вакциналау процесінің бәсеңдігі бестік одақ басшыларын алаңдатып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз пандемияны сәтті еңсеру үшін күш-жігерімізді одан әрі біріктіре түсіп, ғылым мен фармацевтика салаларындағы бірлескен жобаларды әзірлегеніміз жөн. Сондай-ақ қажет болған жағдайда, санитарлық-эпидемиологиялық режим орнату жөніндегі іс-қимылдарымызды үйлестіруіміз қажет.

Одақ мүшелері экологиялық қауіпсіздік пен көміртегіне бейтарап даму мақсаттарына қол жеткізуге бейілді. Бұл мәселе ұйымның күн тәртібінде. Қазақстан парниктік газдарды азайту жөніндегі Париж келісімінің міндеттерін орындауға белсенді кірісті. 2060 жылға қарай елімізде көмірмен жұмыс істейтін электр станциялары жойылады. Ал экономикада өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жалғасады.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

– Тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күші қозғалысының еркіндігін барынша қамтамасыз ету бойынша жұмыс істеуіміз керек. Бұл бағытта қол жеткізген жетістіктеріміз де бар. Соңғы уақытта одаққа мүше мемлекеттер бөлшек сауданы дамытуды біріздендіріп, тұтынушылардың құқын қорғау бойынша ұлттық реттеуді жүзеге асырды.

Одақ мүшелері сырт елдермен еркін сауда аймағын дамытуға басымдық беріп отыр. Көліктік күретамыр мен логистика хабтарын дамыту маңызды. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында одақ елдерінің жалпы ішкі өнімінің өсімі 4,5% жетті. Жиынтық жалпы ішкі өнім 900 млрд долларға жуықтап қалды.