Қазақстандық ғалымдар кәрілікті тежейтін дәрі жасап жатыр   

Қазақстандық ғалымдар қартаюмен күресетін жаңа препарат әзірлепті. Дәрі жүзімнен алынған органикалық қосылыстарға негізделген. Тың өнім шынымен де жаратылысқа әсер ете ме?

Күнделікті күйзеліс, зиянды әдеттер мен ауаның ластануы – осының бәрі ағзада бос радикалдардың пайда болуына әкеледі. Ал бос радикалдар сау жасушаларға шабуыл жасайды. Ғалымдардың айтуынша, қартаюдың негізгі себебі осы. Алайда бұл үрдісті тежейтін табиғи өнім табылды. Ол өсімдіктерде көп кездесетін – полифенол.

Александр Гуляев, Өмір туралы ғылым орталығының жетекші ғылыми қызметкері:

– «Жерорта теңізі құбылысы» деп аталатын зерттеу нәтижелері жарияланған кезде бүкіл әлем полифенолмен, соның ішінде жүзіммен айналыса бастады. Өйткені сол кезде полифенолдарды көп тұтынатын адамдарда инфаркт пен инсульт саны күрт төмендегені анықталды.

Қазақстандық ғалымдар полифенолдарды және олардың ағзаға әсерін 10 жыл бойы зерттеді. Нәтижесінде, кейбір аурулардың алдын алатын бірегей отандық өнімді жасап шығарды. Атап айтсақ, сүйектің сынғыштығы, салмақ жинау мен жоғары қан қысымымен күресте полифенол тиімді екені анықталды. Ғалымдар жүзімнің құрамындағы полифенолдар табиғи өзгерістерді тежейді деген тұжырымға келді.

Александр Гуляев, Өмір туралы ғылымдар орталығының жетекші ғылыми қызметкері:

– Біз жүзімнің әртүрлі сорттарын сынап көрдік. Сосын бізге қажет полифенолдардың мөлшері бар екі сорт таңдалды. Бұл отандық селекцияның саперави және каберне-совиньон сорттары. Олар – еліміздің оңтүстігіндегі көпжылдық Қазақстандық селекция.

Зерттеушілердің айтуынша, жүзімнен жасалған өнім үлкен, кіші болсын бәріне келеді. Тек аллергиясы бар, жедел респираторлық аурулары бар, аяғы ауыр және бала емізетін әйелдерге ғана шектеу бар. 2018 жылы препаратты өндірушілер ғылым қорынан грант ұтып алған. Ал үш жылдан кейін Жезқазғанда адам жасын ұзартатын «жүзім эликсирі» жасала бастады.

Арын Орсариев, «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы:

– Ақпан айының соңында осы грантты қаржыландыруды толық аяқтаймыз. Біз негізгі бағыттардың бәрін қамтыдық. Мысалы, зауыт ашылды, өндіріс жұмыс істейді, алғашқы сатылымдар басталды. Тиісінше, жоба сәтті шықты деуге болады.

Ғалымдар «жүзімнен жасалған» өнім дәрі емес, тек емдеу кезіндегі көмекші құрал деп ескертеді. Бірақ көп ұзамай ол медициналық орталықтарға да жеткізіледі. Ал болашақта полифенолдарды косметологияға енгізу жоспарлап отыр. Отандық ғалымдардың жобасына Ресей мен Қырғызстан тарапынан қызығушылық бар.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Айгерим Бабиш, Артур Горшняков