«Тараз – ұлы даланың көне шаһары» жылжымалы көрмесі Талдықорғанға жетті

«Тараз – ұлы даланың көне шаһары» жылжымалы көрмесі Талдықорғанға жетті

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жамбыл облысының Алматы облысындағы мәдени күндеріне орай «Тараз – ұлы даланың көне шаһары» жылжымалы көрмесі Жетісу төрі – Талдықорғанға жетті.

Бұл көрме Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы қорындағы құнды дүниелерден жасақталған. Жылжымалы көрмеде сонау сақ кезеңінің тарихын, мәдениетін айғақтайтын алтын әшекейлер, ортағасырлық шырағдан, майшамдар, XX-ғасырда жасалған алқа, шекелік, шашбау, жүзік, білезік топтамалары сияқты зергерлік бұйымдар да бар. Сондай-ақ Кенен Әзірбаев, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртазадай ірі тұлғалардың көзі тірісінде тұтынған бұйымдары мен жеке заттары да қойылған.

Айдана Мекемова, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:

- Тараз қаласының тарихын баян ететін әлемдік маңызға ие бірден бір құнды жәдігерлер қойылған. Көрме сақ кезеңінен басталады. Сақтардың тарихынан, мәдениетінен сыр шертетін «Жетітөбе» қорымынан табылған әшекей бөліктері қойылған. Сондай-ақ көне түркілердің мәдениетінің бейнесі ретінде «Талас руна жазбалары» қашалынып жазылған таяқшалар қойылған.

Нұршат Әбдірахманова, Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының сектор меңгерушісі:

- Жалпы бұл жерде Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай шығарылған «Тараз мұралары» тарихи-танымдық көп томдық жинақтарын кітап көрмесіне ұсындық. Сонымен қатар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты жергілікті ақын-жазушылардың 30 түрлі кітап макетін ұсынып отырмыз. Жалпы бүгінгі кітап көрмемізді келіп, тамашалауларыңызға болады.