Алматыда 30 мыңнан аса ата-ана баласына Pfizer салдыруға келісім берді

Алматыда 30 мыңнан аса ата-ана баласына Pfizer салдыруға келісім берді
Tengrinews.kz

Алматы қаласында 30 мыңнан астам ата-ана балаларына Pfizer вакцинасын салдыруға келісім берді.

Бұл туралы бүгін брифингте қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева мәлімдеді. Әзірге Pfizer екпесін тек 12 жастан асқан балалар, жүкті және бала емізетін аналар қабылдайды. Қалада 12-17 жас аралығындағы оқушылардың жалпы саны – 170 мың. Оның 20 проценті келісім берген. Ал бұл категорияға жатпайтын тұрғындар, егер Pfizer-дің артылған дозалары болса, өтініш беріп, кезекке жазылу арқылы қабылдай алады.

Естеріңізге сала кетейік, Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы Алматыға кеше түнде арнайы бортпен жеткізілді. Жалпы саны 379 мың дозаның 46 800-і ғана алматылықтарға арналған. Яғни әзірге 23 400 адамға салынады.

Светлана Сұлтанғазиева, қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары:

– Ертеңнен бастап екпе жасауды бастаймыз. Ересек балалардан бастаймыз, 16-17 жастағы балалардан басталады. Бүгінгі күнге дейін екпеге өзінің келісімін берген ата-аналардың, балалардың тізімі нақтыланып жатыр. Соларды шақырып, емханаларда солардан бастаймыз.