Шымкент көшелеріне 1677 бейнебақылау камерасы қойылған.

Заманауи құрылғының нәтижесін көрген жұрт жабайы сауда мен ретсіз такси тасымалына тоқтау болатынына сеніп, бұл бастамаға шын қуанды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Жол жүрісі қағидаларын реттеуге көмектесетін камера жүгенсіз жүргізушілерді де тәртіпке шақыратынына сенімді. Солай болуы да керек. Себебі бұл бастамаға бюджеттен 4 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды.  Қала көшелеріне соңғы үлгідегі камералар орнатылды. Тіпті әр адымыңызды аңдып, назарын сізге қарап бұрғандай. Жол қиылысы мен көше бойына заманауи 1677 құрылғы қойылып, автоматты жүйеге қосылуда. Тағы бір жарым мыңы полицияның жедел басқару орталығына берілді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

– Миллиондар қаласының қауіпсіз болуы үшін орнатылған бейнебақылау камералары кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр. Заманауи құрылғыға қол жеткізгеннен кейін қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыстың алдын-алуға мүмкіндік молайды. Одан бөлек жол-көлік ережелерін елемегендерді де лезде анықтап, айыппұлды автоматты түрде толтырады.

Алайда кейбір тұрғындар шектеу белгілерінің саны артқанына алаңдаулы. Себебі онсыз да көлігі көп қаланың кептелісі жиілегенін айтады. Ал кейбірі қоғамдық тәртіпті реттеудің төте жолы осы деп есептейді.

Данияр Серікбаев, қала тұрғыны:

– Көп жерде шектеу белгісі 40 км/сағатына деп қойылып жатыр. Негізі қаламызда соңғы кездері көлік өте көп. Кейбір тұстарда жәй жылдамдық кептелісті одан бетер күшейтуі мүмкін.

Ал қаланың Темірлан тас жолындағы тұрғындар жаңа камераны көп күтіп жүр. Себебі мұнда көлік қозғалысы жиі бұзылады. Ретсіз такси тасымалы жолды жабады. Түркістан облысының ауданына қатынаушылар осында арнайы жиналып, көшеде қол созатын көрінеді. Нәтижесінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың у-шудан мазасы қашыпты.

Нұрдәулет Арапбаев, қала тұрғыны:

– Әр қалада негізі өзінің автотұрағы немесе автовокзал болуы керек. Қатты шу болады кешкісін. Бір-біріне жол бермей, сигнал басады. Үлкен машиналар өтеді бұл жолда. Олар сигнал басады. Қонақ үйге қатты естіледі ол. Өйткені жолдың бойында. Қонақтардың машинасының кіріп-шығуы мына жерде біз қойған машиналардың егесін іздеп жүреміз сағаттап.

Қалада көлік айдап күнелтіп, таксилетіп несібесін айырған ағайынның өз базынасы бар. Себебі айыппұлдан көз ашпадық деп ашынады олар. Бауыржан Алиакбар, тәртіпке шақыру үшін қолайлы жағдай қоса қолға алынуы тиіс, - дейді.

Бауыржан Алиакбар, көлік жүргізуші:

– Енді ана жақта базар болғаннан кейін халықтың бәрі базарға келеді. Базардың жанынан орын берсін такси жүргізушілеріне. Ақшасын төлеп тұрайық сол жерге. Енді халық көшеге шығып кетеді. Біз болмасақ та халық мына жерде қол көтеріп тұрады. Кім апарады?

Қырағы техникаға қол жеткізу үшін жергілікті бюджеттен 4 миллиард теңге жұмсалды. Бірақ полиция қызметкерлері адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ деп есептейді. Аз уақыттың ішінде нәтижесін де көз көргенін айтады. Мәселен, биыл жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендердің саны әлде қайда азайған.

Ералы Жұмаханбетов, қалалық полиция департаментінің бастығы:

– 2021 жылдың 10 айында 48 адам қаза тауып, былтырғы жылмен салыстырғанда 15,8процентке азайды. Бұл енді жұмыстың бастамасы әрі қарай азайтамыз деп ойлаймыз. Камера – ол уақыттың талабы. Қазіргі кезде дамыған елдің бәрінде бар ол.

Қайткенде де халқы тығыз орналасқан мегаполистің жүргізушілері жол ережесін елемейтін кезі көп. Сәйкесінше ағымдағы жылы 455 миллион теңгеге айыппұл толтырылған. Оның 87% -і өндірілді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов