Қытайға елімізден 2 мың тоннадан астам рапс майы жаңа тәсілмен экспортталды

Бүгін елімізден 2 мың тоннадан астам рапс майы Қытайға тасымалдаудың жаңа тәсілімен  экспортталды, деп хабарлайды «Хабар 24». Пилоттық жобаны «KTZ Express» Акционерлік Қоғамы Ресейдің «Европак» компаниясымен бірігіп жүзеге асырып отыр. Логистикалық шешімнің ерекшелігі – сұйық өнімдерді енді арнайы бөшкелермен емес, флекситанкалармен тасымалдауға болады. 

Жалпы көлемі 2325 тонна болатын рапс майы әрқайсысы 20 футтық 108 контейнерге жайғастырылған. Ал ол құтылармен емес, сұйық өнімді тасымалдауға арналған үлкен қапшық секілді бір реттік полимерлік қаптарға құйылып орналастырылды.

Нұрлан Игембаев, «KTZ Express» АҚ бас директоры:

– «Рапс майын осы Көкшетау өңірінде өндіреді. Сондықтан біздің бірінші контейнерлік пойызымызды Көкшетау өңірінен жөнелтудеміз. Бұл өте жаңа технология. Өйткені мұндай сұйық жүктерді жалпы вагон цистерналармен таситын. Бүгінгі күнде осындай флекситанка арқылы контейнерге салып, тез арада өте пайдалы жолмен жеткізуге болады.

Сала мамандарының сөзінше, тасымалдың бұл түрі жолға кететін уақытты едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Ал еліміздің солтүстік аймақтарынан жиналған рапс майы Қытайдың оңтүстік шығысындағы Тяньцзинь портына жеткізілмек. Бұл дегеніміз – 8 мың шақырымға жуық құрлық және 1 мың шақырымнан астам теңіз жолы.

Людвиг Тарханьян, «Европак» компаниясының бас директоры:

– Мұндай әдіспен транзиттік уақыт Ресейдің Находка портына дейін 10 күн, ал әрі қарай теңізбен 7-ден 10 күнге дейін жүреді. Бұл әдәуір қысқа мерзім. Уақыт екі есеге дейін үнемделеді. Материалдың сапасы мен бағасы да сәйкес келеді. Сондықтан бұл тауар өндірушілерге өте тиімді деп ойлаймыз.

Өнімнің Қытайға жөнелтілуі де бекер емес. Себебі аспан асты елі – рапс майының әлемдегі негізгі тұтынушысы. Мәселен, былтыр қазақстандық компаниялар майдың осы түрінен 37 мың тоннадан астам экспорттаған. Ал «KTZ Express» ұсынып отырған логистикалық шешім еліміздің экспорттық әлеуетін одан әрі арттыруға сеп болады деген сенім мол.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко