Ақмола облысында 2025 жылға дейін 43 мектеп салынады

Бұл үш ауысыммен білім беру мәселесін жойып, оқушыларға қолайлы жағдай жасайды дейді ұстаздар. Мектептерді жөндеу жұмыстары да қатар жүргізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Мәселен, биыл 60 шақты нысан қалыпқа келтірілген. Мұның бәрі салаға бөлініп жатқан қомақты қаражаттың арқасында жүзеге асқан. Себебі Тәуелсіздік жылдарында өңірдің білім саласына бөлінетін қаржы 100 есе өсіп, 138 млрд теңгеге жеткен.

30 жылда Ақмола облысында 50 шақты мектеп жаңадан салынып, тағы 5 білім ошағының жанынан қосымша ғимараттар бой көтерді. Олардың өзі толыққанды мектептен кем емес. Мәселен, Көкшетау қаласындағы №1 гимназия биыл 600 орындық су жаңа корпусты болды. Мұнда енді бастауыш сыныптың балалары оқиды. Мектеп директорының айтуынша, жалпы соңғы жылдары білім нысандарын жабдықтауға көп көңіл бөлініп келеді.

Сандуғаш Нұрқанова, №1 мектеп-гимназиясының директоры:

- Бүгінгі күні білім ордамызда 70 шақты компьютер, 30 ноутбук, 5 планшет, 10 интерактивті тақта бар. Қазіргі таңда ашылғалы отырған жаңа мектебімізде 25 оқу кабинеті болса, оның үстіне тағы 5 компьютер кабинеті ашылады деп күтудеміз.

Аймақта биыл тағы 13 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Одан бөлек 7 балабақша да салынуда. Осы тұста айта кету керек, 20 жыл бұрын 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамтамасыз ету деңгейі өңірде небәрі 8 процент болса, қазір бұл көрсеткіш 100 процентке жетті дейді сала мамандары. Ол үшін 200-ге жуық балабақша мен 350 шағын орталық салынған.

Бейбіт Жүсіпов, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Ақмола облысында 32 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері бар. Оның 26-сы мемлекеттік мекемелер. Бұл жерде де бір жетістігі, 26 колледждің 11 колледжі жоғарғы колледж статусын иемденіп отыр.

Ал аталған 11 колледж «Жас маман» жобасы бойынша еліміздегі 100 колледждің қатарына қосылды. Енді оларға жыл сайын қыруар қаржы бөлініп, материалдық-техникалық базасы жаңартылып жатыр.

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный