Қарағанды облысындағы «Жартас» шипажайы заман талабына сай жұмыс істеуде

Өңірдегі «Жартас» шипажайында ковидпен ауырғандарды сауықтыруға және созылмалы аурулардың алдын алуға көңіл бөлінеді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Жыл басынан бері мұнда 5500-ден астам адам ем алған. Оның 70 проценті «Арселор Миттал Теміртау» компаниясында еңбек ететін кеншілер мен металлургтер екен. Шипажай барлық халықаралық талаптарға және Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен бұйрыққа сай жұмыс істейді.

Табиғаттың сыйы – озекериттен дәрілік зат дайындайтын мынадай заманауи пеш әзірге Қарағанды облысындағы ешбір шипажайда жоқ. Минералдың бұл түрі буынды емдеуге арналған. Сондай-ақ мұнда жарық сәулесімен сауықтыратын швейцариялық қондырғы екі бірдей тұз шахтасы, тыныс жолдарына арналған спирограф және ЭКГ аппараты бар.

Тимур Бадин, «Backup Service Resorts» компаниясы директорының медицина жөніндегі орынбасары:

– «Жартас» шипажайына келушілерді біз кешенді түрде емдейміз. Білікті дәрігерлерден құралған арнайы топ алдымен әр науқасты мұқият зерттейді, тексереді. Тек содан кейін ғана ақылдаса отырып, ем-шараларын тағайындайды.

Ем алушылар шипажай жұмысын оң бағалап отыр. Аз уақыт ішінде денсаулықтарының анағұрлым жақсарғанын айтады. Себебі мұнда өте мықты мамандар бар. Сауықтыру жұмысын соңғы 8 жыл бойы «Backup Service Resorts» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұйымдастырып келеді.

Татьяна Юрасова, "Backup Service Resorts" компаниясының директоры:

– «Жартас» ведомствалық шипажай. Сондықтан мұнда көбінесе металлургтер мен кеншілер демалады. Бізде өте кәсіби деңгейі жоғары, сыпайы мамандар еңбек етеді.

Шипажай басшылығы тек емге ғана емес, күнделікті ас мәзіріне де қатты мән береді. Бес мезгіл ағзаға қажетті түрлі дәрумендерге бай диеталық тағамдар ұсынады.

Өрік Сайлаубекова, шипажай демалушысы:

Бірінші рет емес, осында дем алып жатқанымыз. Бізге мына санаторий «Жартас» өте ұнайды. Өйткені қызметкерлері ұнайды. Тамақтары өте дәмді. Витаминдері көп. Қыс уақытында үзбей жеміс береді. Өте жақсы.

Қазіргі күні Қарағанды облысындағы минералды су шығатын бұлақ көзі бар жалғыз шипажай осы – «Жартас». Сондай-ақ мұнда балшық та өздерінен, ешқайдан тасымайды. Шипажай басшылығы демалушылардың талабын, өтінішін білу үшін үнемі сауалнама жүргізіп отырады екен. Әзірге ешқандай шағым түспеген.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев