Көмір сатып алу үшін кімдерге әлеуметтік көмек беріледі

Көмір сатып алу үшін кімдерге әлеуметтік көмек беріледі
Акчабар

«Адал көмек» жобасы аясында «ANTIKOR ORTALYǴY» алаңында Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы Байқоңыр ауданының әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау бөлімінің басшысы Құралай Жанұзақованың қатысуымен «Қатты отынды сатып алуға әлеуметтік көмек тағайындау» мәселесі бойынша тікелей эфир өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Эфир барысында спикер аталған көмектің жасы бойынша зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы, көпбалалы отбасылар үміткер бола алатындығын айтты.

Әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы табысы 4 ең төмен күнкөріс деңгейінен (176 312 теңге) аспайтын және басқа тұрғын үйі жоқ, жергілікті (пештік) жылытатын жеке тұрғын үйде тұратын жекеменшік иесіне немесе жалға алушыға (жалға алу туралы растайтын құжатымен) жоғарыда айтылған санттағы азаматтарға беріледі.

Өтемақы жылыту маусымы кезеңінде 16 айлық есептiк көрсеткiш (46 672 теңге) көлемінде жүргiзiледi.

Жылу беру кезеңінде (15 қазаннан 15 сәуірге дейін) әлеуметтік көмек алуға өтінішті электрондық үкімет порталы egov.kz немесе Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы (Достық көшесі, 13 үй), сонымен қатар «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы (Бейбітшілік көшесі, 14 үй) бойынша жүгінуге болатынын хабарлады.

Өтініш беру үшін төмендегi құжаттарды қоса ұсынылу қажет:

1) отбасының бірге тұратын барлық мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (жеке бас куәлігі, балалардың туу туралы куәлігі);

2) Жиынтық табысын есептеу қағидасына сәйкес адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (тағайындалған еңбекақы, ажырасқан отбасыларға алимент туралы мәлімет 2021 жылдың шілде, тамыз, қыркүйек айларына);

3) зейнеткерлiк куәлiгiнің көшірмесі – зейнеткерлер үшін, мүгедектiгi жөнiндегi анықтамасының көшірмесі – мүгедектер үшін, көпбалалы отбасылар үшін – көпбалалы отбасының куәлігі;

4) Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң аумақтық органы берген жылжымайтын мүлiкке тiркелген құқығының болмауы (болуы) жөнiндегi анықтама нысан № 6 ХҚКО. Жалға алушылар үшін тұрғын үйді пайдалану құқығын растайтын құжат;

5) банктік шот туралы мәлімет.

6) отбасы жөнінде мәлімет (неке туралы куәлік, қайтыс болғандығы туралы куәлік, неке бұзылғаны туралы куәлік, анықтама нысан № 4).