«Тәуелсіздік. Елорда. Байқоңыр» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

«Тәуелсіздік. Елорда. Байқоңыр». Бүгін елордада осындай атаумен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Егемендігіміздің 30 жылдығына арналған алқалы жиынға Байқоңыр ауданы әкімінің аппараты ұйытқы болды. 

30 жылдыққа орай ой салар отырысқа елорда әкімінің орынбасары Асхат Оралов, қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов, Қазақстан халқы Ассамблеясының, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері мен мәслихат депутаттары қатысты. Тіл жанашыры Асылы Осман бастаған бір топ қоғам қайраткері егемен елдің жетістіктерін тізіп, төл тіліміздің тұғырын әлде де нығайту қажет деп айтты.  

Асылы Осман, қоғам қайраткері:

- Ең асыл тіл араб тілі. Араб тілінен кейін түрік тілі. Сол түркі тілінің ішіндегі ең құндысы да, ең құнарлысы да, ең шұрайлысы да, ең байы да, ең сом сақталғаны да осы қазақтың тілі. Ал қазақтың тілі бабамыздың айтқаны бойынша бұл ғажап, гауһар тіл. Сондықтан осының қадірін білуіміз керек.

Қатысушылар Тәуелсіздік кезеңі мен жаңа мемлекеттің құрылуындағы өзекті мәселелерді талқылады. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бастамаларының рөлі мен саяси-құқықтық жаңғыру бағыттарын өзара саралады. Конференция отырысын ашқан Байқоңыр ауданы әкімі Нұрбол Нұрсағатов биыл ел тарихы үшін ерекше жыл екенін тілге тиек етті.

Нұрбол Нұрсағатов, «Байқоңыр» ауданының әкімі:

- Ең басты мақсатымыз Елбасымыз айтқан Тәуелсіздік тұғырлары туралы әңгіме болды. Сонда ең басты құндылықтарымызды қазақтың қандай құндылықтары бар, сол туралы айтылып кетті. Ұлттық құндылығымызды білім, ғылым және ең бастысы жер мәселесі бойынша көп нәрселерді алдағы ұрпаққа жеткізіп, осы тәрбиелік ойлар болады деген ойдамыз. 

Еңселі егемендікті ұлықтаған қауым конференция соңында елордадағы Қаламгерлер аллеясына барды. Онда «Алаш арыстары» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ашық аспан астындағы «Qitap qala» кітапханасын көрді.

Мирлан Алтынбек, Жандос Сұлтанғазы