СҚО-да 255 адам рақымшылыққа ілікті

Амнистияға іліккен алғашқы лек осы желтоқсан айында бостандыққа шығады, деп хабарлайды Хабар 24.

Қабылданған жаңа заңға сәйкес 52 азамат отбасымен қауышса, қалғандарының жазасы жеңілдейді. Петропавлдық Светлана Таранина аяғын шалыс басып, төрт жылға темір торға тоғытылған. 39 жастағы әйел әзір жазасының он айын ғана өтеді. Түзету мекемесіндегі күндерін құр өткізбейді. Жұмысқа орналасып, міндеттелген төлемдерінен түбегейлі құтылған. Жаңа заңға сәйкес оған рақымшылық жасалып, жаза мерзімі қысқартылды.

Светлана Таранина, жазасын өтеуші:

– Отбасында жанжал шығып, бірге тұрған адамды пышақпен жарақаттап қойдым. Бұл ісім үшін өкінемін. Оның үстіне үйім осы түзету мекемесіне жақын жерде орналасқан. Яғни бұрын терезеден колонияға қарайтынмын. Ал қазір бәрі керісінше. Абырой болғанда рақымшылыққа ілініп, жазамның үштен бірі қысқартылып жатыр. Енді бұйыртса, туған-туыстарыммен 2023 жылы қауышамын. 

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында бес түзеу мекемесі бар. Оларда ұзын саны 1200-ден астам адам жазасын өтейді. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қабылданған заңға сәйкес 255 адам амнистияға ілінді. Алғашқылары жақын

Рустан Ахметжанов, СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы:

– Арнайы жұмыс тобы құрылып, материалдар әлі де жинақталып жатыр. Бірнеше істі жақын күндері сотқа жібереміз. Осылайша олардың алғашқы легі желтоқсан айында бостандыққа шығады. Жалпы 2016 жылы біздің өңірде 110 адамға рақымшылық жасалған болатын. 

Қоғамға қауіпті қылмыскерлер бостандыққа жіберілмейді. Өйткені оларға кешірім жоқ.

Мамандардың айтуынша, көбіне жүкті әйелдерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға және зейнеткерлерге рақым етіледі. Мұнымен қоса өңірде 98 адам пробация қызметінен есептен шығарылады. 

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев