Отыз жылда Ақмола облысына 48 мың қандас көшіп келген

Отыз жылда Ақмола облысына 48 мың қандас көшіп келген

Еліміз егемендік алғалы 1 миллионнан астам қандасымыз атамекенге оралды. Олардың көбі Алматы, Түркістан және Маңғыстау облыстарына қоныстанған. Қаракөз бауырларымыз қазір жергілікті халықпен біте қайнасып тіршілік етіп жатыр. Ал Ақмола облысына шет елдерден 48 мың этникалық қазақ көшіп келген.

Атамекенге қоныс аударған қандастарымыздың бірі Жырғау Туғанбайұлының отбасы. Моңғолиядан көшіп келген олар, қазір Көкшетау қаласының іргесіндегі Нұрлы көш ауылында тұрады. «Қазақстан тәуелсіздік алды дегенді естіп, қатты қуанған біздің әулет 1992 жылы Қазақ жеріне қарай керуен тартты», - дейді отағасы.

Жырғау Туғанбайұлы, Нұрлы көш ауылының тұрғыны:

- Міне содан бері 30 жылдай болды. Біздің туыстардың көбі сол кезде көшіп келді. 100-дей семья қазір мынау Петропавл, осы Ақмола, Астана, Павлодарда тіршілік етіп жатыр. Ал енді біз өз басымыз 2000 жылдары нағыз келіп қоныстандық.

Моңғолияда заңгер мамандығын меңгеріп, ол жақта депутат та болған Жырғау аға атамекенге келгеннен кейін де елге біраз еңбек сіңірді. Көбіне халықтың мұң-мұқтажын жергілікті билік өкілдеріне жеткізумен жүрген ел жанды азамат қазір осындағы қоғамдық кеңестің төрағасы. Жұбайы екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырған отағасы соңғы жылдары кәсіпкерлікке бет бұра бастапты.

Жырғау Туғанбайұлы, Нұрлы көш ауылының тұрғыны:

- 2015 жылдан жеке кәсіпкер болдым. Пескоблок өндірісі, жерге төсейтін кірпіш өндірісін әкеп іске қосып жұмыс істеттік, жұмысшыларымыз да болды. Одан кейін осы Нұрлы көш ауылынан жер алып, үлкен дүкен салдық, кафе салдық. Бір үйде негізі 3 кәсіпкер бармыз. Мен жеке кәсіпкермін, жолдасым жеке кәсіпкер, балам жеке кәсіпкер, осылай.

Жалпы аталған елді мекен де Тұңғыш Президенттің пәрменімен осыдан 12 жыл бұрын бой көтерген болатын. Мұнда қазір 300-ге жуық түтін бар, 1 мыңнан астам халық тұрады. Бір сөзбен айтсақ, береке-бірлігі жарасқан үлгілі ауыл. 

Төкен Ілияс, Нұрлы көш ауылының тұрғыны:

- Жеті мемлекеттен құралған халық. Кезінде түрлі себептермен басқа елдерге кетіп қалған, арғы тегін қуаласаң, бәрі өзіміздің қандастарымыз. Оннан келгендер жан баға алмай келгендер емес, керісінше ол жақта да түрлі өнердің түрлі кәсіптердің бұйдасын ұстаған, талай азаматтар осында тұрады. Бәрі де осы атамекен деп, ел деп, қазақ деп келді.

Кезінде Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған ұлы көш енді қайта жалғасса дейді қандастарымыз. Себебі сыртта әлі миллиондаған қазақ бар.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко