Баянауылдықтар әлем чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегеріне ерекше сый тарту етті

Баянауылдықтар әлем чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегеріне ерекше сый тарту етті
Фото: Баянауыл ауданының әкімдігі

 

С.Торайғыров атындағы мәдениет үйінде бокстан Белградтта өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Теміртас Жүсіпов және күміс жүлде иегері Серік Теміржановпен  кездесу өтті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz

Спортшыларды әндетіп, дүбірлетіп қарсы алып, сый-құрмет  көрсетілді. Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Қинаятолла Талипов құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға аудан әкімінің Құрмет грамотасын табыстап, шапан жапты.

– Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап қазақ жастары қай спорт түрінен  болмасын байрақты бәсекелерде топ жарып, еліміздің абыройын асқақтатып жүргені сөзсіз. Болашағынан зор үміт күттіретін спортшыларымызбен кездесуге ауданымыздың бірқатар құрметті азаматтары  қатысты.  «Болар елдің балалары бірін-бірі батыр дейді» демекші, спортшыларымыз өскелең ұрпаққа үлгі екені мәлім! – деді Қинаятолла Талипов. 

Баянауыл ауданының құрметті азаматы Мұхтар Әбенов табандылық, жоғары спорттық шеберлік және қажымас қайрат танытып, еліміздін көк байрағын көкке самғатқан, ел намысын қорғап жүрген спортшыларымызға ақ батасын берді. Жиын мерекелік дастарханда жалғасты.

Айта кетейік, кездесуде екі боксшыға да жылқы сыйға тартылды. Спортшылармен кездесуге Майқайың мен Павлодардан да жанкүйерлер келді.