Алматыда үйлерді бір-біріне тығыз салу мәселесіне нүкте қойылмақ

Бұл туралы бүгін қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов айтты.

Бас архитектордың мәліметінше, тығыз орналасқан нысандар тұрғындардың шағымын тудырды. Өйткені ол әлеуметтік инфрақұрылымға салмақ салып, өмір сүру көрсеткішін төмендетеді. Қазір биік ғимараттардың құрылысы жаңа талап бойынша жүзеге асырылып жатыр. Енді «халықтың тығыздығы» есепке алынады. Мәселен, құрылыс компаниясы мың адамға арналған тұрғын үйді 180 орындық мектеп және 100 орындық балабақшамен қамтуы тиіс. Алмасхан Ахмеджановтың айтуынша, қазір тұрғын үй құрылысы бойынша республикалық деңгейде ортақ норма жасалып жатыр.

Алмасхан Ахмеджанов, қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы:

- Жаңа нысандардың құрылысы кезінде қоғамдық талқылау да міндетті. Мемлекеттік мекеме, тұрғындар және мердігер арасында келісім болмаса құрылысқа рұқсат берілмейді. Қала әкімінің тапсырмасымен қабат саны көп, биік ғимараттарды тұрғызуға рұқсат беруді тоқтаттық. Құрылыс ортақ стандарт бойынша ғана салынады.