Үлескерлер мәселесі 2023 жылы толық шешіледі

Үлескерлер мәселесі 2023 жылы толық шешіледі

Елордадағы үлескерлер дауы 2023 жылы түбегейлі шешіледі. Бұл туралы қалалық әкімдік хабарлады. 2019 жылдан бері қордаланған түйткіл Мемлекет басшысы араласқалы шешімін тауып келеді. Биыл 57 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Алдағы екі жылда тағы 60-ы бой көтермек. Жалпы құрылыс компанияларына ақша салу заңмен қорғала ма?

Тірнектеп тапқан ақшасын, жауапсыз құрылысшыларға беріп алданған елордалықтар өте көп. Бірнеше жыл бұрынғы жағдай осындай еді. Себебі үлескерлік жайы заңмен қорғалған жоқ. Мәселе мемлекет назарына іліккелі бас қаладағы 16 мың үлескердің 13 мыңы көп күткен баспанасына қол жеткізді.

Төлеген Болтанов, заңгер:

– Елде «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң қабылданды. Үлескермен жұмыс істейтін құрылыс компаниялары есепке алына бастады. Келісімшарттар да тіркеледі. Үлескерлердің ақшасын алып отырған компанияларға қатаң талаптар қойылды. Осы себепті даулар азайып жатыр. Менің ұсынарым, кез келген келісімшартқа қол қоймас бұрын, компаниямен толық танысып алу керек. Жергілікті әкімдіктерде үлескерлердің ақшасын алуға құқылы құрылысшылар тізімі жазылған. Сіз қалаған компания ол тізімде болмаса, сенім артудың қажеті жоқ.

2023 жылы Елордадағы үлескерлер мәселесі толық шешіледі. Бұл жергілікті биліктің уәдесі. Биыл 57 тұрғын үй құрылысы аяқталып, 7500-нан аса үлескер-отбасы тиісті баспанасына көшеді. Алдағы жылдары қалған көпқабатты үйлер пайдалануға беріледі.

Мақсат Шаяхметов, «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС басқарушы директоры:

– Жоспардағы 57 үйдің 9-ы жақында аяқталады. Жалпы соңғы үш жылда 90 мәселелі тұрғын үй салынып бітті. Келесі жылы 40 үй пайдалануға беріледі. Бұл 3000 үлескердің қуанышы. Жалпы 2018 жылдан бері қалада 16 мың үлескер болған.

Ел астанасындағы құрылысы ұзаққа созылған нысандар шаһардың келбетіне сын келтіргенін Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы айтқан. Сын түзелгесін, мін де ретін тапты. Көп жылдан бері көпшілікті мазалаған «Шығыс» тұрғын үй кешенінде де қоныс тойы тойлана бастады.

Мақсат Шаяхметов, «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС басқарушы директоры:

– Қазірдің өзінде жоспардағы 48 үйде мәселе шешілді. Бірінде құрылыс аяқталса, енді біріндегі үлескерлер бос алаңдарға көшірілді. Осылайша 6 мың отбасы баспанады болды. Жеке инвесторлар мен екінші деңгейлі банктердің бірімен жасалған келісім нәтижесінде тағы мыңнан аса отбасы дауы шешілді. 285 үлескерге 13 үйден пәтер кілттері  табысталды. Олардың қатарында «Шығыс»  тұрғын үй кешені де бар.

2022-2023 жылдары бас қалада 60 көпқабатты тұрғын үй салынады. Қалалық әкімдік құрылысы сағызша созылған әрбір нысанды жеке-жеке бақылайтын болады.

Мерей Мұратханқызы, Нұрғали Мамырбаев