ШҚО-да бірнеше әлеуметтік нысан ашылды

Шығыс Қазақстан облысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және жаңа жыл қарсаңында бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды Хабар 24.

Мәселен, Серебрянск қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылса, Аягөзде студенттер жаңа жатақханаға қоныстанды. Сонымен қатар «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынған үйден 21 отбасы баспана алды.

Аягөз қаласындағы 21 отбасы жаңа жылды жаңа үйде қарсы алатын болды. Олардың барлығы да ұзақ жыл үй кезегін күткен мұқтаж жандар. Жәнібек Оразаев 12 жыл бойы бала-шағасымен әр жерде пәтер жалдап келген. 

Жәнібек Оразаев, Аягөз қаласының тұрғыны:

- Кезегіміз келіп, үйге ие болып жатырмыз. Бес балам бар. Үлкен, жақсы, балаларыма ыңғайлы, бәрі жақсы. Ризамыз.

Даниал Ахметов, облыс әкімі:

- «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасының аясында біз тек қана Аягөзде 182 пәтер салдық бір жылдың ішінде. Өте маңызды мәселе, көпбалалы аналардың комиссиясы жұмыс істеп жүр. Бағдарламаны біз жалғастырамыз. 

Бұл күні ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қалада алғашқы студенттер жатақханасының ашылуы болды. Бес қабатты зәулім ғимаратта бөлмелерден бөлек, жаттығу залы, асхана бар, жоғары жылдамдықтағы интернет желісі істеп тұр.

Жансая Кенжебаева, Аягөз қаласындағы политехникалық колледж директорының міндетін атқарушы:

– Ыстық су, суық сумен қамтамасыз етілген. Бір секцияда бес баладан тұрады. Екі баладан немесе бір баладан жалғыз тұруға болады. Секция шағын ас бөлмесі, тоңазытқыш, электр пештерімен қамтамасыз етілген.

Ал Серебрянск қаласында қысқа мерзімде дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынған. Мұнда спорттың бірнеше түрімен жаттығуға болады. Футбол алаңындағы көрермендер залы 500 адамға лайықталған.

Ардақ Асылханұлы, Медет Өмірханов