2021 жылы 25 мың қазақстандық интернет алаяқтардың құрбаны болды

2021 жылы 25 мың қазақстандық интернет алаяқтардың құрбаны болды
parlam.kz.

Еліміздегі онлайн-қызметтердің көбеюіне қатысты интернет алаяқтық бойынша қылмыс түрлері 2020 жылмен салыстырғанда 2 есе артып, 17,8 мыңнан астам іс тіркеліп отыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Өткен жылы 25 мың адам алаяқтарға алданып, 8,2 млрд теңгеден астам қаржысынан айырылған.

«Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев өзінің депутаттық сауалында осындай деректерді келтірді.

Мәжіліс депутаты осыдан 7 ай бұрын халыққа онлайн несие берумен байланысты алаяқтық жағдайларының жиілеп кеткендігін көтеріп, арнайы депутаттық сауал мен нақты іс-шаралар тізбегін ұсынған болатын, Оның ішінде Агенттікке клиенттің биометриялық ерекшеліктерін сәйкестендіру процедураларын күшейтуді, нақты уақыт режимінде кескінді тексеру және растауды, екі сатылы аутентификацияны енгізуді көздеуді ұсынды. Алайда қабылданған іс-шаралар тізімі әлі де агенттік тарапынан жұмыстың бірізді жүйеге қойылмағандығын аңғартып отыр.

«Оған нақты негіз ретінде алаяқтар тарапынан азаматтардың жеке деректерін пайдалана отырып, онлайн несиені өзге адамға заңсыз рәсімдеуі болып отыр. Дәлел ретінде, жуырда ғана елордалық тұрғын өзге адамдардың жеке құжаттарын пайдалану арқылы Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан қалаларының азаматтарына, олардың қатысуынсыз 10 миллион теңге онлайн-несие рәсімдеген. Азаматтардың сеніміне заңгерлік көмек көрсету арқылы кіріп, олардың жеке ақпараттарына ие болған», – дейді Мәжіліс депутаты.

«Өздеріңізге мәлім, 2019 жылдан бастап кез келген тұрғын өзінің SIM картасын ЖСН нөмірі арқылы өз атына тіркеу міндеттелген. Соған қарамастан алаяқтар үшінші адамға өзге нөмірді қолдану арқылы аталған қылмысты қиналмай орындап келеді» – деген Елнұр Бейсенбаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігінің төрайымы М.Әбілқасымоваға депутаттық сауалын жолдап, төмендегідей шаралар қабылдауды ұсынды.

Біріншіден, Агенттікке тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп онлайн кредитті рәсімдеу барысындағы оның жеке деректері мен телефон нөмірінің оператор желісімен индентификация жасалуын енгізу;

Сондай-ақ, тез арада барлық микроқаржылық ұйымдардың «Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығының» ақпаратымен идентификация жасауды ұйымдастыру;

Екіншіден, көтерілген мәселенің қауіптілігін ескере келе, Бас прокуратура және тиісті құқық қорғау органдарымен бірлесе интернет-алаяқтықты жою бойынша жедел әрекет ету қадамдарын ұйымдастыру керектігін айтты.