Ақтауда жас курсантты ақтық сапарға шығарып салды

Inbusiness.kz

Бүгін маңғыстаулықтар ҚР ҰҚК Шекара академиясының курсанты Мейірхан Бітіммен қоштасты, деп хабарлайды Хабар 24.

Қоштасу шарасына мыңға жуық тұрғын қатысып, марқұмды жер қойнына тапсырды. 19 жастағы жас өрен Алматыдағы қақтығыс кезінде бүлікшілердің қолынан қаза тапқан еді.

Бүгін қалың қазақ үшін қаралы күн. Республиканың әр түкпірінде бүлікшілердің қолынан қаза тапқан сарбаздармен қоштасу шарасы өтуде. Ішінде еңсесі түсіп, қабырғасы қайысқан маңғыстау халқы да бар. 19 жастағы Мейірхан Бітімнің қапиядағы қазасы туыстарын ғана емес, облыс тұрғындарын да есеңгіретті. Сондықтан да болар, жас курсантпен қоштасуға мыңға жуық маңғыстаулық жиналған. Олар қайғыдан қан жұтқан ата-анаға, қабырғасы қайысқан туған-туысқа көңіл айтып, марқұмды ақтық сапарға шығарып салды.

Ержан Кезбаев, марқұмның әкесі:

– Маңғыстау тұрғындары, бәріңізге рахмет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Осындай ахуал болмасын.

Келген көпшілік жас сарбаздың ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі екенін айтты.

Еске сала кетейік, Мейірхан Бітім Алматыда Шекара академиясында оқыды. Кешегі қақтығыс кезінде бүлікшілердің шабуылына қаймықпай қарсы тұрып, бас бұзарлардың қолынан қаза тапты. Кеше мүрдесі арнайы ұшақпен Ақтауға жеткізіліп, туған-туыстары күтіп алды.

Нұрлан Темірғали, Маңғыстау Облысы Бойынша ҰҚК шекара қызметі департаментінің бөлім басшысы:

– Алматыда болған жаппай тәртіпсіздіктен, ҚР шекара қызметінің академияларын қорғау бойынша жауынгерлік тапсырманы орындау барысында біздің бірнеше әскери қызметші қаза тапты. Соның бірі Мейірхан Бітім. Ол болашақта шекара офицері болып, мемлекеттік шекараны қорғауды жоспарлаған еді. Арманы асқақ болатын. Мейірханның туыстарына қайғырып көңіл айтамын.

Қалың жұрт Мейірханмен Қазақстан халқы Ассамблея үйінің алдында қоштасты. Мейірхан Ержанұлы Ақтаудағы №11 мамандандырылған физика-математика мектебінің түлегі. Оқушы кезінде–ақ қайсар мінезімен, ерекше батылдығымен көзге түскен.

Ізбибі Батқанбаева, марқұмның сынып жетекшісі:

– Мінезінің өзі нағыз әскери адамға келеді. Себебі арманы қалай болғанда деп, сұраймыз, шығарма жаздырамыз. 10, 11-сыныпта Отанымды қорғаймын, шекарашы боламын деп мақсат қойды. 19 жыл өмір сүрсе де біз үшін жұлдыз болып кетті. Маңғыстау жұртының сүйегі қақсап, жоқтамаған адам жоқ шығар.

Ол алғашқы әскери дайындық сабағында сыныптың взвод командирі болған. Спортта да жеткен жетістігі аз емес. Сыныптастары оның жарқын бейнесін мәңгілік есте сақтайтын болады.

Көркем Алымжанқызы, марқұмның сыныптасы:

– Елін қорғау басты мақсаты болды, патриоты болды. Егер оның алдында таңдау болса, кешегі жерге шығу, шықпау, ол бәрібір шығар еді. Ашық-жарқын, адамды қолдайтын, қиын қыстау кезінде тастамайтын.

Күні кеше марқұм Мейірхан Бітім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ел алдында әскери және қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін «3-ші дәрежелі Айбын» орденімен наградталды. Жас батырдың ерлігі – ешқашан ұмтылмақ емес.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев