Коменданттық сағат режимін бұзған кәсіпкерлер лицензиясынан айырылуы мүмкін

Коменданттық сағат режимін бұзған кәсіпкерлер лицензиясынан айырылуы мүмкін
Диапазон

Елордада төтенше жағдай режимін бұзған 75 адамның үстінен әкімшілік іс қозғалды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы комендатурасының баспасөз қызметінен хабарланды.


«Елордадағы жағдай тұрақты. Сағат 23.00-ден бастап таңғы 07.00-ге дейін коменданттық сағат жалғасуда. Қала периметрі бойынша 6 блок бекет тәуліктік режимде жұмыс істеуде. Бір тәуліктің ішінде қалада 6 қылмыс және 98 жол-көлік оқиғасы тіркелген. 75 адам төтенше жағдай режимін бұзған, оларға қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды», – деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы комендатурасының баспасөз қызметіндегілер.

Комендатура мәліметінше, тәулік ішінде коменданттық сағат режимін бұзғаны үшін 5 кәсіпкерлік субъектісінің жұмысын тоқтатты. Олардың иелеріне қатысты лицензиясынан айыруға дейінгі қатаң жаза қолданылмақ. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес төтенше жағдай режимінің талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Мемлекеттік нөмірі жоқ 3 автокөлік анықталып, коммуналдық тұраққа қойылды. «Қарбалас уақыт» кезеңінде блок бекеттерде автокөліктер көбейіп кететіндіктен, қала комендатурасы азаматтарға өздерінің баратын бағыттарын алдын ала жоспарлауға және қабылданған шараларға түсіністікпен қарауға кеңес береді.