415,12 450,91 7,40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Шымкентте «Ордабасы» футбол клубының қызметкерлері сегіз айдан бері жалақы алмаған

  • 89
  • UPD: 09:19, 18.01.2022

Спорт мекемесінің берешегі көбейген соң жаттықтырушылар  жабылып қалмай ма деп  алаңдайды? Осы орталықта жаттығып жүрген төрт жүзге жуық баланың ата-анасы да уайым қылып, біздің тілшілерге жүгінді, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл мекемеде аты дардай Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубының жасөспірім спортшылары жаттығады. Әбден іріктеліп, мыңнан сұрыпталған 400-ге жуық бала аптасына бес күн тыңғылықты шеберлігін шыңдап, Қазақстан біріншілігінде үздіктердің қатарынан көрініп жүр. Бірақ жаттықтырушылары құрғақ уәдемен күнелтіп, жалақысыз жұмысқа жегілдік деп ашынады.

Нұрболат Құрбанбаев, жаттықтырушы:

– Бізді ойлайтын ешкім жоқ. Басшылықтан ешкім сұрамайды да, жауабын да айтпайды. Тек қана күтіңдер, күтіңдер дейді. Пенсионка жоқ. Емханаға барып қаралайық десек, сіздерге төленбеген деп ақылыға жібереді. Ақылыға біздің ақшамыз жоқ айлық болмағасын.

Мекеменің күзетшісінен бастап еден жуушыға дейін 8 айдан бері еңбек ақысын көрмепті. Сорақысы сол қаржының қолбайлау болғандығынан жасөспірім спортшылар жарыстарға жолдамадан қағылып, қаладан әрі аса алмай қалған. Ал бұл өз кезегінде баланың футболға деген қызығушылығын басып, құмарлығын тежейді дейді, – мамандар.

Асылзат Ояев, жаттықтырушы:

– Ақыры футбол орталығы болғаннан кейін барлық жағдай жасалуы керек. Мысалы зборы, бір жақа бару, сапар. Біздің орталық осы Қазақстан біріншілігіне ғана қатысады. Жан-жағымыздағы Қызылорда, Тараз солармен ғана ойнаймыз. Онда да бізге келетін болса ол командалар.

Жаттықтырушылардың жан айқайына спорт мекемесінің жабылуы мүмкін деген хабардың жетуі жұртты абдыратып қойды. Сөйтіп баланың болашағына алаңдаған ата-аналар да қосылып, мекеменің алдына жиналды.

Айбек Жүнісқожаев, қала тұрғыны:

– 2006 жылғы баламның бұдан 4 жыл алдын алған киімі, 2011 жылғы балама киім берілмеген. Соның киімдерін қысқартып кигізіп жатырмыз. Бұл мәселені мұқият қарау керек деп ойлаймын. Өйткені 400 бала далада қалғаны жақсы емес.

2017 жылы сенімгерлік басқаруға берілген футбол клубының қазір мемлекетке берешегі жіті қаралып жатыр. Қалалық спорт басқармасындағылар жұмысшылардың жалақысын реттеу мақсатында қызметкерлерді уақытша өзге мекемеге ауыстырмақ болған. Бірақ мамандар орталықты сақтап қалу үшін бұл ұсыныстан бас тартып отыр.

Ермек Дәрменов, қалалық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

– Сенімгерлік басқаруға берілген 2017 жылдан бастап қарыздары жиналған. Қазір айтпай-ақ қояйын. Себебі осы ақпанның 15-не дейін салық тапсырып жатыр, есеп тапсырып жатыр. Содан кейін бәрін тапсырып өткеннен кейін брифинг жасап, одан кейін ресми түрде айтамыз. Бұдан кейін 15 ақпаннан 1 наурызға дейін түгел бітуі керек. Содан кейін Ордабасы өзінің жұмысын толыққанды жалғастырады.

Жұрттың талап-тілегін тыңдаған басқарма мамандары аз уақыттың ішінде барлық қаржылық қиындықтар өз шешімін табады, – дейді. Тек күту керек. Ордабасы футбол клубының суперлигада ойнау-ойнамауы да әзірге нақты белгісіз. Қаланың басты клубы осы қиындықтардың салдарынан шет мемлекетке жаттығуға шыға алмаған.

Авиорлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов

 

 

Хабар 24 телеарнасы