Қостанайда қосалқы электр станциясы салынады

Өңірде электр қуатының тапшылығы туындауы мүмкін. Оған себеп облыс орталығы кеңейіп, жаңа өндіріс орындары салынды, деп хабарлайды Хабар 24.

Мысалы, индустриалды аймақта бой көтеріп келе жатқан бір ғана металл құю зауыты сағатына 41 мегаватт электр энергиясын пайдаланады. Бұл жалпы қала тұтынатын мөлшердің үштен бірі. Сондықтан болашақта энергия тапшылығына ұрынбас үшін Қостанайда қосалқы электр станциясының құрылысы басталды. Құны 10 миллиард теңгеге жуық бұл жобаны жыл аяғына дейін аяқтау қажет. Станция әрқайсысы 250 мегавольт қуаты бар екі автотрансформатордан тұрады. Оның бірі резервте болады.

Шыңғыс Кенжалы, Қостанай облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

– Жаңа қосалқы станция электр энергиясына деген тапшылықтан құтылуға және алдағы жылдарға қор жасақтауға мүмкіндік береді. Қазір бас жоспарға сәйкес қаланың солтүстік-батыс бөлігінде жаппай тұрғын үйлер салынып, өнеркәсіп орындары бой көтереді. Сондықтан 10 проценттен астам электр қуатын келешектің еншісі деп есептеп отырмыз.