Петропавл тұрғындары заңсыз төлемге наразы

Петропавлда жылу ақысы тұрғындарды әбден мезі етті. Кейінгі жылдары монополистер халықты жылу тасымалына кеткен шығынды өтеуге міндеттеген, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл мәселе бойынша арна тілшілері бірнеше материал жасаған да еді. Ақырында былтыр табиғи монополияларды реттеу агенттігінің өкілдері монополист компанияны сотқа беріп, олқылықтың орнын толтырамыз деген. Бірақ жылу шығындары үшін тағы да төлемақы түбіртегі келіп тұр.

Бұл – желтоқсан айы үшін келген коммуналдық төлемдер. Түбіртекте көрсетілген сома әрқайсысында әр түрлі. Кейбірінікі тіпті 70 мың теңгеге дейін барады.

Олег Дёмин, қала тұрғыны:

– Жылу энергиясын пайдалану ережесі туралы заң бойынша жылу гигоколориямен есептеледі. Үйімде арнайы есептегіш құрал орнатылған. Бірақ мені шаршы метрмен есептеген. Ай сайын әр түрлі төлем келеді. Мән-жайды анықтауға барсақ, ешкім түсіндіре алмайды. Бұл қылмыстық оқиға деп есептеймін.

Жеке секторда тұратын жұрттың айтып тұрғаны тағы да сол жылу шығыны. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің өкілдері монополист компанияны сотқа берді. Сарапшылардың айтуынша, әзір істе ашықтық жоқ.

Евгений Лебедько, сарапшы:

– Агенттік мамандары монополистпен тек техникалық мәселелер бойынша соттасып жатыр. Өйткені тұтынушылармен энергетиктер арасында жасалған шартта жылу шығындары үшін қаржы қарастырылғаны жайлы көрсетілмеген. Бұл дегеніміз қазір сот қандай шешім қабылдаса да, тұрғындардың пайдасына шешілмейді.

Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін жауаптылар сотқа сарапашылар мен қоғам белсенділерін қатыстырамыз деп сендірді.

Айхын Жиенқұлов, табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Төлемдер әлі де келіп жатса, сотқа тағы да талап-арыз түсіреміз. Негізінен біз монополистерге қосымша ақыны уақытша тоқтата тұру туралы ұсыныс жасаған едік. Өйткені процесс басталды. Мәселе біздің тарапқа шешілсе, тиісті қаржы халыққа қайтаралады. Заңсыздыққа барғандарға айыппұл салынады. Әзір енді оның бәрі уақыттың еншісінде. 

Қалтаны қаққан төлемдерді халық төлеуге мәжбүр. Өйтпеген жағдайда энергетиктер абонентті жарықтан айырып тастауы мүмкін.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев