«Қазақстан халқына» қоры ел мүддесін қорғауға барынша тырысады

Баспана қолжетімді болуы керек. Әсіресе мұқтаж жандарға қарайласу міндет. Бұл істе «Қазақстан халқына» қоры көмекке келмек. Тек мұндай бақыт жұрттың бәріне бірдей бұйыра бермеуі де мүмкін. Дегенмен, қор елдің мүддесін қорғауға барынша тырысады, дейді ұйым басшысы.

Бұл ретте денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт, ауыр дертке шалдыққан балалар мен әлеуметтік осал топтағы азаматтардың ахуалына көбірек көңіл бөлінеді. Ал аз қамтылған отбасылар қорға тікелей өтініш қалдыра алмайды. Оның орнына осыған дейін құрылған тәжірибесі бар қайырымдылық ұйымдарына хабарласуға болады. Қазақстан халқына қоры көмекке мұқтаж жандардың тізімін осы ұйымдардан алады.

Болат Жәмішев, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы:

 - Мұндай мысалдар көп. Бұның бәрі жүйелі жұмыстар. Мәселен, денсаулық сақтау саласы бойынша қажетті білікті мамандарды шетелден шақыртуымыз мүмкін. Осы сияқты басқа бағыттағы кәсіби қызметкерлердің көмегіне шет елге бармай-ақ өзіміздің елде жүгіне аламыз. Әрине бұндай жұмыстарды мемлекеттік орган қоғамдық ұйымдармен ақылдасып барып, шешім қабылдау керек.

15 қаңтар мен 19 қаңтар аралығында «Қазақстан халқына» қорына 19 жарым миллиард теңгеге жуық қаражат аударылды. Оның басым бөлігін, яғни 19,2 млрд теңгесін - 75 заңды тұлға, ал 29,3 млн теңгесін - 16 мыңнан астам қарапайым қазақстандық жіберген. Ал қорға аударылған қомақты қаражат пен оның жұмсалған әр тиынын халық бақылауға құқылы. Ол үшін ұйымның жұмысы алдағы 1-2 апта ішінде нақтыланады. Сөйтіп, жарты жыл ішінде арнайы сайт іске қосылады.

Бауыржан Ысқақов, экономист-сарапшы:

 - Бізде осы уақыттың өзінде үлкен қаражатын қалыптастырған ірі 50-60 кәсіпорын бар. Яғни Қазақстанның ірі көлемдегі қазба байлықтары тағы басқасын игерген осылардың бәрі дәстүрлі түрде өзінің табыстарының бір бөлігін осы қорға яғни болашағына қарай ақша адаратын болса, осы 150 млрд түсуіне сенуге болады.

Алдын ала болжам бойынша қордың қоржынындағы қаражат 150 миллиард теңгедей болуы мүмкін. Экономист Бауыржан Ысқақов бұл пайымды жоққа шығармайды. Сарапшының пікірінше, осы уақытқа дейін Қазақстанда жемісті жұмыс істеп келген 50-60 кәсіпорын дәстүрлі түрде ақша аударып тұрса, қордың әлеуеті әжептәуір арта түседі.