Интернет желісі тартылмаған ауылдар қалай қашықтан оқиды

Шығыстағы Шемонайха ауданында ауыл тұрғындары ұялы байланыс пен интернет игілігін көре алмай отыр. Соның кесірінен Убинка елді мекеніне жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметін шақыру үлкен машақат. Интернеттің жоқтығы, әсіресе, онлайн оқуға көшкен оқушыларға қиын тиді. 

Убинка ауылы тұрғындары интернетке қосылу үшін осы төбешіктің басына жиылады. Оның өзінде 2G. Ал ауылда ұялы байланыстың өзі нашар. Бұл қазір онлайн оқу кестесіне көшкен оқушылар үшін қиын.

Дмитрий Безверхний, Убинка ауылының тұрғыны:

– Қазір сабақты үйде оқып, тапсырманы орындаған соң жіберу керек. Ол үшін бәрі дәл осы жерге келе ме? Күн қысқа. Кешке, қас қарая қалай келеді. Әсіресе, бастауыш сыныптағы оқушылар үшін қорқамыз.

Убинка ауылында жүзден аса оқушы бар. Олар көрші ауылға автобуспен қатынап оқып келген. Сабақ онлайн кестесіне көшірілгеннен бері ата-аналардан маза кетті. Көпбалалы ана Анна Коровченконың қазір қолынан телефон түспейді. Екі қызы берілген тапсырманы орындағанымен, мұғалімге жібере алмай әлек.

Анна Коровченко, Убинка ауылының тұрғыны:

– Біз интернетті жеделдету үшін мынадай роутер сатып алдық. Бірақ одан да пайда болмады. Қазір,  міне, ешқандай сигнал жоқ. Бұл құрылғыны да босқа алыппыз.

Ауылдағы кейбір үйлерде бұрын жай байланыс телефоны да болған. Бірнеше жыл бұрын оны да алып тастаған. Енді тұрғындар мына телемұнараға телміріп жүр.

Ауылдың кіреберісіндегі телемұнарының жанына отандық байланыс операторларының бірі бұдан екі жыл бұрын интернет тарататын құрылғы орнатқан. Бірақ одан әзірше пайда болмай тұр. Сондықтан ауыл тұрғындары бұдан 2 шақырым жердегі  төбешікке барып интернетке қосылуға тырысады. Бірақ оның өзінде байланыс бірде  бар. бірде жоқ.

Байланыстың нашарлығынан ауылдағы дәрігер де қиналып отыр. Науқастарға қатысты  құжаттың бәрін қолмен жазады. Ал жедел жәрдем шақыру да күрделі мәселе.

Нұрғиза Садықова, фельдшерлік-акушерлік пункт дәрігері:

– Интернет бізде жоқ. Компьютермен жұмыс істей алмаймыз. Өйткені байланыс жоқ. Байланыс іздеу үшін көшеге шығып орын табуымыз керек. Орын іздейміз жедел жәрдемді шақырту үшін. Сосын тосамыз. Мына жердегі контордың қасында тосып тұрамыз.

Күтуден шаршаған тұрғындар екі жыл бұрын интернет мәселесі бойынша Президентке хат жазған.

Нәтиже жоқ екенін аудандағы атқамінерлер де жақсы біледі. Убинка сияқты интернеттің игілігін көре алмай отырған тағы 4 ауыл бар екен. Бар мәселені байланыс операторларынан көріп отыр.

Бақытжан Молдаханов, Шемонайха ауданы әкімінің орынбасары:

– Осы операторларға өзіміздің шағымымыз бар. Олар шарт бойынша бұл ауылдарға ең аз дегенде 8Мб-тік жылдамдықта интернетті беруі тиіс. Қазіргі таңда оны орындай алмай отыр.

Міндеттерін орындай алмаған байланыс операторлары 2021жылы 20 миллион теңгеден аса айыппұл төлеген. Цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының айтуынша, облыстағы 683 ауылдың 538-де яғни 78 процентінде интернет бар. Ал аймақтағы 261 елдімекендегі интернеттің қуаты секундына 8 мегабитке де жетпейді. 

Марина Гагарина, Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы:

– Облыс әкімдігі мен телекоммнуикация  комитеті бірілесіп 2021 жылы аймақтағы 28 ауылдағы интернет сапасын тексерді. Нәтижесінде 24 ауылда талапқа сай болмай шықты. Жауапты  операторлар айыппұл арқалады.

Ұялы байланысы бар, бірақ интернетке қосылмаған алыстағы 150 ауылға биылдан бастап оптикалық талшықты кабель тартылмақ. Ал Убинка да жылдың соңына дейін осындай интернет жүйеіне  қосылуы мүмкін.

Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин