Шаруалар шуы: Утилизациялық алымды алып тастай ма?

Ауыл шаруашылығы техникаларына утилизациялық алым жинауды мүлдем тоқтату керек. Елдегі шаруалар үкіметке осындай талап қойды. Олар мұндай тәжірибе әлемде жоқ екенін алға тартып, мүдделі тараптар «жоқ жерден жік шығарып» отыр деп шу көтерді. Шаруалар утиль алым үшін деп былтыр жинап алған 30 млрд теңгені фермерлерге қайта үлестіріп берсін дейді. Қаржы бай-бағландардың қалтасына кеткенше, ауыл халқының игілігіне жұмсалсын деп табандап тұрып алды. Шаруалардың бұл базынасына министрлік не дейді?

Жер жыртып, соқа соңында жүргендер біледі. Солар айтты. Елде ауыл шаруашылығы техникаларының 80 проценті ескірген дейді. 42 мың комбайн мен 153 мың трактордың жүргенін тұрғаны көп. Тағы біразы тіпті оталмайды. Осыны реттейміз деп үкіметтегілер не істеді? Утилизациялық алым енгіземіз, отандық көлік құрастырушыларды қолдаймыз деді. Солар біздегі автопаркті тотыдай түрлендіріп береді деп сендірді. Сөйтті де, жаңа салық түрін енгізіп жіберді. Ал одан жағдай өзгерді ме? Жоқ, фермер біткен тозған техникасын түртпектеп әлі жүр.

Алмасбек Садырбаев, шаруа:

– Біреулердің қалтасы қампиып жатыр. Ал қалған ел улап-шулап, қан қақсап, ескі-құсқы техникамен жүрміз. О баста жасалған саясат дұрыс болды. Бірақ оның іске асуы, жүзеге асуы дұрыс болмай кетті.

Солақай саясаттың салқыны егін басында жүргендерге де, мал соңынан ергендерге де тиіп жатыр. Утилизациялық алымның енгізілуі, тіпті азық-түлік бағасының өсуіне де әсер еткен. Шаруалар салыққа кеткен шығынды өтеу үшін амалсыз өнім құнын өсіреді. Ал оның зардабын мына сіз бен біз тартып отырмыз.

Мақсұт Бақтыбаев, шаруа:

– Қазіргі жағдайды парадокс деп айтар едім. Үкіметтегілер азық-түлік құны қымбаттап кетті, соны түсіру керек деп жатыр. Бірақ анығында оның бағасын өздері өсіріп отыр. Утилизациялық алымның енгізілуі халық күнделікті тұтынатын тауарлардың қымбаттауына белгілі бір деңгейде әсер етті. Мұны шаруа ретінде анық айта аламын.

«Утиль алым» деген түсінік пайда болғалы шаруалар шарасыз күйге түстік дейді. Жаңа техника алғысы-ақ келеді. Бірақ көрпесіне қарай көсілуге тура келеді. Көбі жаңа трактор алу арман болып қалды дегенді күрсіне айтады. Енді қайтсін, өзге елдерден алдыртса, үстіне 14 млн теңгеге дейін қосып төлейді. Онсыз да шаруа тінін ширата алмай жүрген олардың мұндайға шамасы келмесі анық.   

Әйгілі Беларусь тракторы шаруалар таласып тұрып алатын техника еді. Утилизациялық алым енгізілмей тұрғанда мұның құны 3 млн теңге төңірегінде болатын. Содан салық салынған соң, небәрі 1 жылда бағасы 1 жарым млн теңгеге қымбаттап шыға келді. Ал қазіргі құны естіген елдің есін екеу, түсін төртеу қылып жібереді. Сенесіз бе, 9 млн теңге тұрады! Сонда бар болғаны 6 жылда 3 есе қымбаттап кеткен. Шаруалар мұны утилизациялық алыммен байланыстырып отыр.  

Салада қордаланып қалған мәселе көп. Фермерлер соның бірін қалдырмай жіпке тізуге келген. Айтарын айтты ғой. Бірақ мүддесін қызғыштай қоруға тиіс министрліктен бірде-бір маман төбе көрсетпеді. Шаруалардың шымбайына батқаны да осы. Тәуелсіз сарапшылар «бір астаудан ас асағандардың араздас болып кетуі екіталай» деп отыр.    

Нұраддин Садықов, «Утильсборға жол жоқ» қозғалысының белсендісі:

– Индустрия және сауда министрлігі біздегі тікелей қолдан жасалған автоқұрастырушыларды қолдап отыр деп ашық айтуға болады. Солардың бизнесін жүргізу үшін 6 жылда нәтиже көрсетпеген өндіріске ақша құюға мүдделі болып отыр.

Ауыр техникаларды құрастырып жүргендер «утилизациялық алымнан бас тартуға болмайды, бұл әлемде бар тәжірибе» деп бет қаратпай отыр. Олар салықтың мөлшерлемесін түсірсе болады, бірақ түбегейлі жойып жіберуге қарсымыз дегенді айтып қалды. 

Қадыролла Жұмағұлов, трактор зауыты басшысының орынбасары:

– Утиль жинау – әлемде бар тәжірибе. Одан біз де бас тартпауымыз керек. Қоршаған ортаға зиян келтірмеу үшін утилизациялық алым алу міндетті. Меніңше, шаруалар бұдан бас тартуды емес, оның мөлшерлемесін төмендету мәселесін көтеруі керек.

Шаруалардың қалауы не дейсіз ғой? Олар ауыл шаруашылығы техникаларына утилизациялық алымды толық алып тастауды талап етіп отыр. Сосын, былтыр осы салық үшін деп ұзын-ырғасы 30 млрд теңге жинап берген екен. Соны қайтарсын деп үстел тоқпақтады. Бірақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «өкілдері фермерлердің айтқаны бірден бола қоймайды. Өзге тараптарды да тыңдауымыз керек» дейді.

Руслан Хисмайылов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басқарма басшысы:

– Утилизациялық алымнан бас тарту - бірден қабылдана қоятын шешім емес. Алдымен мүдделі тараптармен кеңесу керек. Экология министрлігі не дейді, бизнес өкілдері бұл бастамаға қалай қарайды? Бұл мәселені жан-жақты зерттеу керек. Содан кейін ғана нақты шешім шығаруға болады.

Қалай болғанда да бұл мәселе ақпан айының соңына дейін шешіліп қалар. Шаруалар содан үмітті. Президент нақты тапсырма берген соң министрліктер шала бүлінбес дегенге сенеді.

Дастан Сейілханұлы, Асхат Қарақойшиев