Петропавлдағы жылу электр орталығының 56% тозған болып шықты

Петропавлдағы жылу электр орталығының 56% тозған. Салдарынан кейінгі бір айда қондырғылар үш рет істен шықты. Сондықтан энергетиктер жылу қысымын азайтуға мәжбүр болған. Қазір кей үйлерде ауа температурасы нормадан төмен.

Көп пәтерлерде температура 17-18 градус шамасында. Салдарынан халық үйде электр жылытқыштарын пайдалануға мәжбүр.

Валентина Поддубова, қала тұрғыны:

– Неге қарапайым халық зардап шегуі керек? Олар коммуналдық қызмет үшін қаржыны уақытылы әрі тиісті деңгейде төлеп отыр. Баспанамыз  салқын. Қазір, міне, қалың киініп жүрміз. Кейде бөлмені жылыту үшін газ плитасын жағамыз.  

Бүгінде көбіне «Солнечный», «Борки» және «Жұмысшы кенті» аудандары жылуға жарымай отыр. Себебі энергетиктер қысымды азайтуға мәжбүр болған. Дегенмен, балабақшалар мен мектептер штаттық режимде жұмыс істеуде.  

Наталья Килоева, мектеп директоры:

– Сабақтар қысқартылған жоқ. Орташа температура 20-22 градус. Күн сайын біз білім бөлімімен монополист компанияға хабарлап отырамыз. Әрине, 1-2 градусқа айырмашылық бар. Дегенмен, жағдай қалыпты. 

Петропавл жылу электр орталығында қазандықтардың істен шығуы соңғы бір айда 3-рет қайталанды. Тіпті, желтоқсанда болған апат кезінде бір адам қайтыс болған еді. Қазір мұнда күндіз-түні жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

 

Жалпы орталықта 12 қазандық бар. Мамандардың айтуы бойынша халықты тиісті деңгейде жылумен қамту үшін оның сегізі жұмыс істеп тұруы қажет.

Айта кету қажет, мұнда маман тапшылығы да бар. Мәселен, бүгінгі күні 124 адам жетіспейді. Жалпы биыл мұнда 17 миллиард теңгеге  қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек.

Энергетиктер алдағы 1-2 күнде жағдай толығымен реттеледі деп сендіріп отыр. Ал есептегіш құралы жоқ абаненттер үшін коммуналдық төлем қайтадан есептелетін болады.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев